Халық пен халықты тілдестіретін - әдебиет
Қазақтың жүздеген құнды шығармасы түрік тіліне тәржімаланған.
Бауырлас ағайын біздің Абай, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш ардақтыларын жақсы таниды. Өлеңдерін жатқа айтып, қазақ тіліне құрмет көрсетеді.
Қазақтың ақын-жазушыларының кітабы ең көп түрік тілінде жарық көрген. Шамамен 300-ге жуық туынды елдің орталық кітапханалары мен университет сөрелерінде тұр. Бір ғана «Бенгу» баспаханасынан 100-ден астам әдеби шығарма басылып шыққан. Сұраныс жағынан да көш бастайды.
Якуп Өмероғлұ, Еуразия жазушылар одағының төрағасы:
- Бір халықтың әдебиет, тарих пен мәдениетін өзге елде таныстыру үлкен иммидж. Қазақтарды Түркияда осындай шығармалар арқылы таныту ұлттың рухын, жан-дүниесін көрсету деген сөз. Жалпы алғанда, түркі әлемінде ең көп кітаптар қазақ тілінен аударылған. Олардың басым бөлігі тарих, фольклор мен дастандар. Әсіресе бұл шығармаларды жастар көп оқиды. Олар оқыған сайын халыққа жақындап, елге саяхаттауға тырысады. Оқырмандардан оң пікірді көп естіп жатамыз. Қазіргі таңда ең маңызды «мәдени дипломатия».
Түркияда қоғам қайраткерлері мен көрнекті өкілдердің дені Мағжан Жұмабайдың «Ұзақтағы бауырыма» шумақтарын, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңін жатқа айтады.
Елде Алаштанушы мен Абайтанушылар бар. Солардың бірі, түрколог әрі Абайтанушы Экрем Айан. Экрем мырза ойшылдың қарасөздері мен өлеңдерін түрік тіліне аударған.
Экрем Айан, Абайтанушы:
- Абай Құнанбай - түркі халықтарының тұрмысын әдебиетпен көркем суреттеп қана қоймай, білім мен өркениетті дәріптеген. Абайдың 175 жылдық мерейтойында Түркияда көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мен де Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін аударып, екі кітап шығардым. Біздің міндетіміз, осы текті тұлғалардың философиясын үйреніп, үйретуіміз керек. Тек қана осылай ғана бар екенімізді, тірі екенімізді, бір екенімізді көрсете аламыз.
Қазақты Анадолы жерінде танытуда қаракөз қандастарымыздың орны ерек. Солардың бірі, профессор Абдулуахап Қара. Ыстамбұлдағы Мимар Синан атындағы көркем өнер университетінде көп жылдар қызмет атқарған ғалым, туыстас халық тіліне бірқатар қазақтың туындысын тәржімалап, тарту еткен.
Абдулуахап Қара, Мимар Синан университетінің профессоры:
- Ең бірінше роман 1976 жылы қазақ тілінен Тақаю Ақтановтың «Боран» деген романы аударылды. Содан бері жарты ғасырдай уақыт өтті. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейін аудармалар көбейді. 200-ден астам мүмкін 300-ге жуық романдар аударылған. Өзім 10 шақты кітапты аударып шықты. Басты арманым Илияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын аудару еді. Қазақ хандығының 550 жылдығында 3 кітапты аудардым. Нимет Келімбетовтың еңбектерін түгелдей романдарын түрік тіліне аудардым. Дидар Амантай досымның «Гүлдер мен кітаптар» романын аудардым. Бастысы 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына Абайдың еңбектерін түрік әріптестермен аударып шықтым.
Түркияда қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылық төмендеген емес. Елдегі 200-ден астам университеттің 30-дан астамында қазақ тілі мен әдебиеті оқытылады. Бұл бауырлас халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі бекемдей түсетіні анық.