Қант қызылшасы алқабының жартысы қурап қалды
Сары күздің берері көп болғанмен, қиыншылықтар да бар.
Жамбыл облысында 10 мың гектарға егілген қант қызылшасының жартысы қуаңшылық салдарынан күйіп кетті.
Жауаптылар «суғару маусымы аяқталмағандықтан, залал келген егістік көлемі әлі де ұлғаюы мүмкін», - дейді. Енді мұның соңы қанттың қымбаттауына әкелмей ме деген сұрақ туындайды.
Демирбек Зууфов 5 жылдан бері қант қызылшасын егеді. Диқан биыл Байзақ ауданындағы 60 гектар жерге тәтті түбір салған. Әр гектарға 1 млн теңге жұмсапты. Дегенмен биыл мол өнімнен үмітін үзіп отыр. Су тапшылығынан алқабы қурап, өнімі мардымсыз болып жатыр.
Демирбек Зууфов, шаруа:
- Негізі осы қылша жарты килограмм болу керек еді. Қазір көріп отырсыз 100 грамм 150 грамм болмайды. Майда және кішкентай. Бұл су ішпеген сайын жұмсақ болады. Қанттылық болмайды. Ертең қант заводы қажет қылмайды. Келесі жылы су болмаса, суға кепілдің болмаса мүмкін мүлдем екпейміз.
Биыл Байзақ ауданында 2 500 гектарға тәтті түбір егілді. Шаруашылықтардың жартысы суды Базарбай арнасынан алады. 40-қа жуық шаруа қазір судың келуін күтіп жүр.
Мерей Бает, тілші:
- Әдетте суару маусымы кезеңінде мына біз тұрған Базарбай каналында жарты белден жоғары, яғни 8 текшемерт су ағып жататын. Қазір тіршілік нәрі арнаның түбіне дейін түсіп, құрғап кетудің аз-ақ алдында тұр. Шаруалар бір аптаның жүзінде су берілмесе, каналды жағалай егілген 1 000 гектарға жуық тәтті түбір қурап кетеді деп дабыл қағып отыр.
Жамбыл облысында 10 мың гектарға орналастырылған егілген қант қызылшасынан 300 мың тонна өнім алу жоспары болған. Бірақ алқаптардың жартысы күйіп кеткендіктен, өнім көлемі екі есеге азайды. Еске салсақ 6 тамыздан бастап Қырғыз тарапы су беруді тоқтатты. Деседе жауаптылар келер аптада Базарбай арнасы арқылы су келетінін мәлімдеді.
Ерлан Өтегенов «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры:
- Шаруа қожалықтарды сусыз қалдырмау үшін біздің мекеме ҚазСуШар Қызғызстандағы коллекторлық дренаждық желіні тазалап шықтық. Шамамен 40 километрдей. Бүгінгі таңда ол нәтижесінде 5 тен 8 кубқа дейін су беріліп жатыр. Ол су мынау Жамбыл мен Байзақ ауданына бөлініп отыр. 4 күн біз Жамбыл ауданын суғарып отырмыз, 4 күн Байзақ ауданын.
Сала мамандары «өнім аз болса да қант бағасына әсер етпейді», - дейді. Себебі қазір Меркі қант зауытының қорында 7 300 тонна шекер бар. «Дегенмен диқандарға осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау болмаса, кері әсері бірнеше жылдан кейін біленеді», - дейді мамандар.
Саха Манатов, Жамбыл облыстық қызылша өндірушілер ассоциациясының төрағасы:
- Егер де мына өзіміздің отандық өнімді үкімет қолдамаса, 3-4 жылдан кейін қанттың бағасы 1 000-1 500 теңгеге баруы мүмкін. Ұңғымаға, су үнемдеу технологияларына ақшаны беру керек та, біздер жандандырумыз керек. Қант қызылша саласын жандандырумыз керек. Сонда ғана біздің отандық өніміміз жоғары деңгейде болады. Сонда ғана біздер өзіміздің елімізді 70-80 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.
Алғашқы есеп бойынша, облыста егісі зардап шеккен 347 қожалық тіркелді. Олардың барлығының шығыны мемлекет есебінен өтеледі.
Нұрби Жігітеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қазір су мүлдем тоқтап, болмай жатқан жағдайда комиссия ауданда бар. Тағы да зерделеу тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нақтылайды, қосымша көлем анықталса есебін жүргізіп тағы да ұсыныс жасалады. Шаруалар өтінім бере алады.
Биыл қант қызылшасының бір келісіне мемлекеттен 25 теңге субсидия төленеді. Оған қоса Меркі қант зауыты 15 теңге, тасымалы үшін тағы 4 теңге көмек қаржы бергелі отыр. Су тапшылығы салдарынан қызылшаның аумағын азайтып алмас үшін, жауаптылар шаруаларға түрлі көмек көрсетпек. Қазірдің өзінде жергілікті билік ұңғымаларға берілетін субсидияны 80 процентке жеткізді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә