Ақтөбелік бағбан жыл он екі ай өнім жинайды
Ақтөбелік бағбан мол өнім жинаудың сырын біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Данияр Алманов 9 жыл бұрын көкөніс өсіруді қолға алған. Қазір қала халқына жергілікті өнім жеткізіп отыр.
Оның өзгеден артықшылығы, сол жыл он екі ай өнім жинайды.
Тәжірибелі диқан Данияр Алмановтың әр күні бүгінде егіс алқабында өтеді. Жаз бойы өсіп, піскен қарбыз-қауын мен қияр және қызанақ қазір жиналып, қалаға жеткізіліп жатыр. Шаруа жылдағы дәстүрге сай биыл да 15 гектар алқапқа дән сепкенімен, көкөністің шығымы былтырғыдан тәуір. Бұл – тынымсыз еңбектің арқасы. Бүгіннің өзінде ондаған тонна өнім сауда орындары арқылы тұтынушыларға жеткен.
Данияр Алманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Дымсыз қалмайды екенсің жерден. Қалай ексең де – шығады. Сондай бір жағдайлар бар. Еңбек керек. Тәжірибе алдық, біріншіден, екінші, енді жылдан жылға қалыпты егіп жатқан жоқпыз. Әртүрлі егеміз. Ауа райына да байланысты. Ең көп еккенім – 20 гектар. Арман көп қой. Енді бұдан да көбірек еккім келеді.
Шаруаның алма бағын өсірмек ойы бар. Ал көкөніс өсіруді қолға алғалы 10 жылға жуық уақытта балалары мен ағайын-туысын да осы кәсіпке баулыған. Қазір олар да диқаншылықтың қыр-сырын біледі. Шағын жылыжайы бар.
Нағымбек Төреханов, бағбан:
- Қазір бізде енді сыртқа егіп жатырмыз, далада. Соны жинап бітіргесін, міне, орын дайын тұр – жылыжай. Сосын осы жаққа көшеміз. Сонда бізде әр уақытта жұмыс та бар, өнім де алуға болады.
Данияр Алманов секілді тынымсыз еңбектің арқасында зор жетістікке жеткен көкөніс өсірушілерді ауыл шаруашылығы мамандары жоғары бағалайды. Ал қала бойынша биыл жылыжайлардың саны артып, өсірілген дақыл түрлері жергілікті нарықтан өзге шетелге де шығарылған.
Мұрат Тоқболатов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Былтырғы жылы бізде 44,9 гектар болса, жалпы олардың көлемдері биыл, алқаптары 46,5-ке көбейді. Қазіргі таңда 7 айлықтың қорытындысымен осы 16 жылыжайдың жалпы өнімі 14,5 мың тонна болып тұр. Былтырмен салыстырғанда біздер 2,5 мың тоннаға біздер көбейтіп келе жатырмыз.
Жалпы өңірде соңғы жылдары тұқым тастап, ырыздығын жерден күтетін диқандар көбейген.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.