Президенттік жастар кадр резервіне өтінім қабылданып жатыр
Президенттік жастар кадр резервіне өтінім қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін жетік меңгерген кез келген азамат қатыса алады. Құжатты 30 қыркүйекке дейін «pkrezerv.gov.kz» сайты арқылы тапсыру қажет.
Бүгін осы жоба аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мамандары Лев Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында студенттермен кездесу өткізді. Жиында спикерлер мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктер туралы кеңінен мағлұмат берді. Басшылық қызметтегі жастардың білімді, сауатты және жауапты ортасын қалыптастыруға шақырды. Түсіндіру жұмыстарына 2 жыл бұрынғы іріктеуден сәтті өткен жас мамандар қатысты.
Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қалалық департаментінің басшысы:
- Қыркүйек бойы осы айдың аяғына дейін 1-ші кезеңі – құжат тапсыру. 1 ай беріліп отыр. Содан бастап ары қарай, өзіңіз айтқандай, тестісі бар, сұхбаты бар, әңгімелесуі бар. Көзге көрінуі керек. Бұл жерде тағы ерекшелігі, 6 сала белгіленген. Сол 6 сала бойынша іріктеу жүргізіледі. Оның үстіне олар қазақ тілін білуі бойынша тесттен өтуі керек. 1,1 деген деңгей бар. Содан төмен болмауы керек.