Жамбыл облысының пиязы ішкі нарықта сатылады
Биыл Жамбыл облысының диқандары пиязды, еліміздің 10 облысына жөнелтеді.
Шаруалар өнімді, делдалсыз сату үшін аймақтардың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өкілдерімен келісімшарт жасады. 9 мың тонна пияз тиімді бағада сатылады. Қазақстандық пияздың 70 проценті Жамбыл облысында өсіріледі. Биыл аймақтағы 25 мың гектар алқапқа пияз егілді. Қазір 300 мың тоннадан аса, өнім жиналды. Жергілікті билік көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін 1000 тонна пияз сатып алған. Тұрақтандыру қорының өнімдері әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орталықтарында сатылады.
Мұқтар Ботабаев, "Тараз" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының атқарушы директоры:
- Біз бұл келісімшартты көктемнің уақытында жасадық. Көктемнің уақытында шаруаларға былайша айтқанда көктемгі дала жұмыстарына ақша керек. Сол себептен бұл форвордттық келісімшарттың маңызы да сода болып отыр. Өйткені біз 70 пайызға дейін ақшаны алдын ала төлейміз. Ол ақшаға олар жаңағы дәндерін алады, болмаса жаңағы өздерінің шығындарын өтеп сол ақшамен жұмыс істейді. Ол өте тиімді екі жақты келісім.