Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу аяқталуға жақын

Президенттік жастар кадрлық резервіне өту үшін өтінімдерді қабылдау аяқталуға жақын.

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Самұрық-Қазына» қорының жас мамандарымен кездесу өткізіп, конкурс талаптарын түсіндірді. Биыл резервке мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша үміткерлер іріктеліп алынады. Конкурсқа жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес меңгерген, 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Айта кету керек, бұған дейін кадрлық резервте 350 жас маман таңдалып алынған. Бүгінде соның 267-сі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмысқа орналасқан.

Іңкәр Төлеутаева, ұлттық компанияның жетекші маманы:

- Мемлекеттік басқару саласына талантты, патриотшыл, білімді жастарды тартуға арналған бастама. Сондықтан да бұл Қазақстан жастарына беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Өйткені біздің талпынысымызға қарай біз Қазақстанның дамуына, өсіп өркендеуіне үлес қосқымыз келеді.