Жезқазған филармониясы облыстық мәртебе алды

Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясы жаңа мәртебе алды.

Аймақтың облыс болып құрылуына орай қайта түлеген өнер ордасында штат саны екі есе артты. Бұрын тарап кеткен ансамбльдер жаңадан құрылып, техникалық жабдықтар алынды. Өнерпаздар қатары жас мамандармен толыққан облыстық филармония 49-шы маусымашар концертін ұсынды.

Жезқазған филармониясы 1974 жылы құрылды. Ал 1990 жылы ақын Тайжан Қалмағанбетовтың есімі берілді. Филармония құрылғаннан бері еңбек ететін Береке Көшенов үшін бүгін тарихи күн. Себебі, Жезқазған облысы тараған тұста 200-ден астам өнерпаздан небары 40 шақты адам қалған.

Береке Көшенов, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

- Қазір деңгей өсіп келе жатыр. қанша дегенмен облыстық деңгей, көзқарас басқа. Кешегі уақыттармен бүгінгінің арасы жермен-көктей. Қазір техникалық состав басқа, техникалық құрылым басқа. Сахнаны безендіру көріністері басқа, сахнадағы техникалардың жаңарған заманы. Қазір жаңа техникамен жұмыс істейміз. Бұның бәрі үлкен жетістік.

Штат саны еселеп артқан ұжым репертуарға да баса назар аударған. Жаңа маусымда ол 60 пайызға жаңарған. Филармония жанынан бірнеше шығармашылық ұжым құрылды. Камералық оркестр, ұлт аспаптар және вокалды-инструменталды ансамбльдер жұмыс бастады. Өнерпаздар қатарын Құрманғазы атындағы консерватория түлектері толтырды. Солардың бірі -  Жұлдыз Көктай.

Жұлдыз Көктай, филармония әншісі:

- Маған өте ұнады. Менің бұл ең алғашқы шығармашылық жолым. Бізде үлкен коллектив бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз.

Жаңа маусымдағы жаңа бағдарламаны көрермендер жылы қабылдады. Өнер ұжымының алдағы жоспары да ауқымды. Әншілердің бір тобы гастрольге дайындалып жатыр. Мағыстау облысынан басталатын ән сапар түгел Қазақстанды қамтиды. 

Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева