Жетісу облысында қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталады
Жетісу облысында 1 қарашадан бастап қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үміткерлердің бизнес жобасы конкурс негізінде іріктеліп, жеңімпаздар грантқа ие болады. Осыған дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 500-ге жуық бастама қолдау тапты. Өңірде болашақ кәсіпкерлерге көмек көрсететін консультативті орталық жұмыс істейді. Ондағы мамандар конкурсқа қатысушылардың жобасын қарап, есеп-қисабын шығарып береді.
Мемлекеттік грант иегерлерінің дені ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастаған. Арасында жеңіл өнеркәсіпті қолға алғандар да бар. Мәселен, Алакөл ауданының тұрғыны Айгүл Құсман қайтарымсыз қаражатқа техника алып, көрпе жастық тігу ісін жолға қойды. Ол қазір 10 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айгүл Құсман, кәсіпкер:
- Біз қазір аудан көлемін ғана қамтамассыз етіп тұрмыз. Басқа жерлерде сұраныс болса, ол жерлерге шығарып беруге мүмкіндігіміз бар. Тек әлі де бұдан көп шығаруымыз керек болып тұр. Арманымыз көп. Бұдан да үлкейтіп, шіркін, шетелге шығарсаң, тіпті жақсы бұл көрпе.
Ерқанат Қажымұқанұлы, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл инструмент бойынша былтырғы жылы 125 жоба қаржыландырылып, 500 млн-ға жуық қаржы берілді. Қазіргі уақытта өңірлік даму қорының мониторингтік есебіне сәйкес 125 жобаның 96 жобасы іске асырылып, өте жақсы көрсеткіш болып табылады.