Сенатор: Елде егілген көшеттердің 30% өспей қалуы мүмкін
Егілген 400 млн аса көшеттің 120 миллионы тамырланбауы мүмкін.
Сенат депутаты Нұрлан Бекенов осыған алаңдайды. Ел аумағын көгалдандыру қарқыны төмен. Сенатор мемлекет басшысының алдағы 2 жылда 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырмасы бәсең орындалып жатқанын айтады. Оның үстіне егілген ағаштың 70% ғана жайқалып өсуі мүмкін. Себебі қазірдің өзінде әрбір үшінші көшет тамыр жаймастан, құрап жатыр. Биылға көгалдандыру жұмыстарына 12,8 млрд теңге жоспарланған. Депутат бюджет қаржысының далаға кетіп жатқанына қапалы. Нұрлан Бекенов ормандар мен курорттық аймақтардағы барлық ғимарат, құрылыстарды тексеруді ұсынды.
Нұрлан Бекенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігерлік ұйымдарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл шарт қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы белгімен бірге жазылуы керек.