Қылмыстық кодекске «Отбасындағы зорлық-зомбылық» бабы енгізілмек
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңды өзгерту керек.
Ал Қылмыстық кодекске «Отбасындағы зорлық-зомбылық» деп аталатын жеке бап енгізу қажет және қоғам арасында түсіндіру жұмысын күшейткен ләзім. Әсіресе аудан, ауылдарда. Осы бағытта бағдарламалық құжат әзірлеген жөн. Мұндай ұсыныс Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтылды. Мәдениет және ақпарат министрі әрі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаеваның басшылығымен өткен жиында тұрмыстық зорлықтың алдын алу жолдары пысықталды.
Қазір бізде күш қолдануға қатысты жаза барынша қатаңдатылып жатыр. Өйткені бұл – күн өткен сайын өзекті болып бара жатқан мәселе. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске өзгеріс енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату үшін биыл бірқатар шара қабылданды. Енді полиция арыз күтпей, іс қозғайды. Ол үшін куәгердің немесе көршінің жауабы, бейнебақылау камерасына жазылған айғақ жеткілікті.
Қабылданған шаралардың нәтижесі мынадай. Жазадан жалтару азайып келеді. 4 ай ішінде жауапқа тартылғандар қатары көбейген. Егер осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың азамат жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жетті. Биыл 60 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айдың қорытындысы бойынша отбасындағы кикілжің туралы хабарлама 20%, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық 4,2%, ауыр қылмыс 12% төмендеді. Мәдениет және ақпарат министрі әрі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева енді өңірлердегі ұйымдардың жұмысын жүйелеп, бір арнаға тоғыстырамыз деді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрағасы:
- Қазір барлығы шашыраңқы жұмыс істейді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлесек, оны бір үйлестіруші орган реттеуі қажет. Жалпы 1 шілдеден бастап тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейді. Содан бері жауапқа тартылғандар саны өсті. Қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеу процесі қалыптасып жатыр. Ендігі мақсат – бірлесе отырып, осы бағыттағы іс-әрекетімізді күшейту. Әсіресе жергілікті жерлердегі жұмысты бір жолға қою керек.
Ұлттық комиссия мүшелері бірнеше бастама мен жоба ұсынды. Біріншіден, әйелдер мен балаларға жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу керек. Қылмыстық кодекске «Отбасындағы зорлық-зомбылық» туралы жеке бап енгізу қажет. Бұ, проблеманың алдын алуға және полиция, прокуратура және сот өкілдерінің кәсібилігін арттыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, тиісті заңды өзгерту ұсынылып отыр. Мәселен, комиссия мүшелері «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұртшылықтың қатысуы» деп аталатын жаңа бап қосу керек дейді. Сосын заңнамаға «Экономикалық зорлық-зомбылық» деген норма енгізу ұсынылды. Бұл жаңашылдық жәбір көрген әйелдерді жүйелі түрде қолдауға мүмкіндік бермек.
Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
- Мұндағы мәселе, ауылдық жерде тұратын адамдар көбінесе қалаға келе алмайды. Олар келгенше үйінде бала-шағасы бар, қойы бар, тауығы бар, енесі бар, ауданға жете алмайды олар.
Мәселенің алдын алу үшін 2018 жылы Бас прокуратура қабылдаған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты жол картасын тираждау ұсынылды. Бұл Түркістан облысының 2 ауданында пилоттық жоба ретінде сәтті жүзеге асырылған. Сарапшылар енді мұны еліміздің барлық өңіріне тарату керек дейді. Сондай-ақ мобильді қосымша әзірленуі мүмкін. Осы арқылы азаматтар туыстары мен таныстарына өз өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлай алады. Ал 25 қарашада «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акция басталады. Аида Балаева: «Жәбір көрсеткендерді жазалап қана қоймай, осы қылмыстың алдын алатын жүйе құру маңызды», - деді.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Серік Қоңырбаев, Бақытбек Нұртаев.