Дихандардың жанайқайы. Астық өтпей, тұқым жетпей жатыр

Қостанай облысында биыл астық түсімі гектарынан небәрі 9 центнерден келді.

Өнімнің жартысынан астамы ұн тартуға жарамсыз. Мұндай ахуал астықты өңірде бұрын-соңды болған емес. Қазір шаруалар сапасы төмен бидайын өткізе алмай қиналып отыр. Алдағы егіске дайындалатын тұқым жайын ойлап тағы алаңдайды.

Арқалықтық шаруа Әсем Қызбекенованың қоймасында қазір 135 тонна бидай жатыр. Сараптама қорытындысы оның бәрін сұрыпсыз деп таныпты. Ылғалға бөккен дәннің көгеріп, өскін шыға бастағандығын байқау қиын емес. Сұрыпсыз бидайға сұраныс жоқ емес, бар. Бірақ дәл қазір делдалдардың ұсынып отырған бағасы тым төмен-дейді шаруалар.

Әсем Қызбекенова, шаруа:

- Отыз жеті мың дейді бір тоннасы. Ол 37 мыңмен берсек, ертең көктемде еге алмаймыз. Егінге шыға алмаймыз. Екіншіден, мынау сапасыз бидай болғандықтан бізде тұқым жоқ ертең көктемде. Бізге сату керек, тұқым керек. Осы екі мәселе қазіргі күнде алаңдатып тұрған.

Төрт мың гектарға егін еккен Игілік Алтаевтың бүгінде несиені қалай жабам деген мәселе бас ауруына айналған. Жазда құрғақшылыққа ұрынып, күзде жауын-шашын астында қалған алқаптан небары 2-3 центнерден өнім жинапты. Сол алған аз-мұз несібесін сата алмай отыр.  

Игілік Алтаев, шаруа:

- Арадағы келісім бойынша гербицид ақысын 1 қарашаға дейін төлеп болуға тиісті едік. Ақша жетпей, өтей алмадық. Одан кейін екі апта мұрсат берді. Бірақ не қайыр, бидай өтпей жатса. Енді олар бізді арбитражды сотқа бергелі жатыр.

Арқалық қаласының аумағындағы шаруашылықтар биыл 333 мың гектарға дәнді дақыл еккен. Орташа түсім гектарынан 3,8 центнерге шығыпты. Әлі күнге селдір өскен бидайды жинап үлгірмегендер бар.   

Руслан Көлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бізде 7-8 ЖШС әлі күнге дейін толық аяқталмай жатқан жағдайы бар. Жауын-шашын салдарынан жиналған астықтарымыздың 90 пайызы жарамсыз, сұрыпсыз болып қалып отыр. Оның сыртында 2024 жылға тұқым дайындау жоспарымыз болып еді. Оған 19 мың 30 тонна сараптамаға тапсырылды. Оның ішінде 50 пайызы тұқымдыққа жарамсыз болып тұр.

Қазір шаруалардың бар үміті үкіметте. Ауыл шараушылығы министрлігі азық-түлік корпорациясы арқылы сұрыпсыз бидайдың тоннасын 70 мың тенгеден сатып алады деген ақпарат тараған еді. Әзірге қабылдау басталған жоқ.  

Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Ауыл шараушылығы министрлігі жағынан мынау 350 мың тонна классыз бидай сатып аламыз деген болжам болған. Бірақ ол нақты әлі алынып жатқан жоқ. Біздің облыстың басшылары ауыл шараушылығы министрлігіне бұл көлемді 2 миллионға шейін ұлғайтуға сұраным берген.

Сонымен министрлік Қазақстан бойынша бар-жоғы 350 мың тонна сұрыпсыз бидай сатып алуға ниетті. Ал бір Қостанай облысында ғана ұн тартуға жарамсыз деген астықтың көлемі 2 миллион 400 мың тонна. Әлі өңірде 85 мың гектар алқаптың өнімі жиналған жоқ.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, «Хабар-24», Қостанай облысы