Қазақстанда 90 жүкті әйел қызылша дертін жұқтырды

Науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Ажар Ғинияттың айтуынша, қызылшадан құрсақтағы балаға қауіп жоқ. Алайда, науқастар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Қазір елде індет дендеп барады. Жауаптылар мұны оқу жылының басталуымен түсіндірді. Осы айда 6 мыңнан астам адамның қызылшаға шалдыққаны анықталды. Ал жыл басынан бері 17 мыңнан астам жағдай тіркелді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл 1 жас және 6 жас аралығындағы балалардың 84 пайызын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы көрсеткіштің 80-нен кем болмауына кеңес береді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакцинациялауға жатуы керек.