Петропавлда 76 жастағы волонтер тұрады
Геннадий Языков қолы қалт етсе болды, өзі секілді егде жастағы адамдардың керегіне жарауға дайын.
Оның көмегіне әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз тұратын зейнеткерлер зәру.
Геннадий Языков өз ауласын тазалап болған соң, жалғыз тұратын зейнеткерге көмекке келді. Жалғыз емес. Жанына жастарды алып, үлгі болып жүр. Олар үй алдындағы қарды жарты- ақ сағатта шығарып тастады.
Геннадий Языков, волонтер:
-Әке-шешем қолыма күрек ұстатып үйретті. Балама да соны сіңірдім. Қазір немерелерімді еңбекке баулып жүрмін. Қоғамға пайдалы, жұртқа мейірімде болу керек.
Жақсылық жасаудан жалықпайтын қария үш жыл бұрын «Күміс волонтер» қозғалысына қосылды. Бұл топтың құрамына белсенді зейнеткерлер кіреді. Қазір олар кезекті «Мейірімділік тізбегі» жобасын қолға алды. Әжелер шала туған сәбилерге киім-кешек тоқып береді.
Бақыт Ғалиақбарова, «Күміс волонтёр» бастамашыл тобының мүшесі:
-Пенсияға шыққаннан кейін үйде отырмай осындай волонтер жолдары бар екен. Соған кіріп, осы мұқтаж болған адамдарға көмектесеміз. Сосын перинатальный центре уақытынан бұрын туған балаларға заттар тоқимыз.
Қазір «Күміс волонтер» қозғалысында 40 шақты зейнеткер бар. Олар түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр.
Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков