90-жылдары Германияға көшіп кеткен немістер Қазақстанды аңсап тұрады
90-жылдары Германияға үдере көшкен немістер әлі күнге Қазақстанды аңсап тұрады.
Қазақша дастарқан жаяды, қазақша ән шырқайды.
Қазақша тілге де ағылып тұр.
Солардың бірі Пауль мен Ольга. Бремен қаласының іргесінде тұратын әртістер дуэт құрып, қазақтың хит әндерін орындаумен танымал болған.
Пауль Фридрих пен Ольга Каспер - Германияда тұрады. Екеуі де музыкант. Бірнеше тілде ән шырқайды. Бірақ жанымызға жақыны қазақы әуендері дейді. Олардың атағын аспадатып, танымал еткен де - қазақша әндер. Екі әншіні той томалақтарға шақырушылар да көп. Әсіресе Қазақстаннан көшіп барған немістер қолқалап, ай бұрын хабарласып жатады. Дуэт интернетте де белсенді. Бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.
Ольга Каспер, музыкант:
"Алғаш рет "Той жырын" орындағанда, қатты қобалжыдық. Қазақстаннан көшіп келген адамдар оны қалай қабылдайды екен деп қорықтық. Оларға қатты ұнады."
Пауль мен Ольга Германияға сонау 90-жылдары көшіп барған. Қазір Германия азаматы болғанымен "біз Қазақстаннанбыз" деп мақтанышпен айтады. Бұл дуэттің танымалдығы Астанаға дейін жеткен. Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі музыканттарды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Ольга Каспер, музыкант:
"Әрине Қазақстанды сағынамыз. Мен онда 24 жыл тұрдым. Ол жердің табиғаты кез келген адамды тамсандырады. Көршілеріміз, достарымыз, қазақтың ұлттық тағамдары - бәрі есімізде."
Пауль Фридрих, музыкант:
"Қазақстан менің туған жерім. Осы жерде мектепке бардым. Он жыл білім алдым. 18 жасымда отбасыммен Германияға көштік. Ең басында барлығымызға қиын болды. Туып-өскен жерімізді сағына бердік. Жылдар өтті, ақырындап үйрендік.Бірақ әрқашан сағынышпен жерлестерді, көршілерді, достарды еске алып хабарласып тұрамыз. Кішкентай кезімнен көршінің балаларымен асық ойнап доп қуып қазақша сөйлеп өстім солай."
Келер жылы дуэт өзінің 10 жылдығын атап өтеді. Соған орай Германияда концерт беруді жоспарлап отыр. Пауль мен Ольга одан кейін Қазақстанға гастрольдік сапармен келіп, үлкен сахнада өнер көрсетсек, одан артық арманымыз болмас еді дейді.
Жұлдыз Атагельдиева, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский