Маңғыстау облысында жыл басынан бері 120-дан астам қылмыскер ұсталды
Олардың 17-сі ТМД аумағында істі болса, қалғандарына еліміздің өзге аймақтарының тәртіп сақшылары іздеу жариялаған.
Қолға түскендердің арасында алаяқтар мен есірткі сатушылар бар. Бұдан бөлек, Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғандардың бірі Грузияда, ал алаяқтық дерекке қатысы бар тағы бір адам интерполдың көмегімен Дубайда ұсталды. Сонымен қатар лаңкестік топ құрып, іздеуде жүрген бір адам Болгарияда қолға түсті.
Әйгерім Ибатуллаева, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Көп дерек бұзақылықпен байланысты болып отыр. Одан кейінгі орындарда алаяқтық, ұрлық-қарлық, есірткі және басқа да ауыр қылмыстар бар. Қылмыстың бетін үнемі тез ашу мүмкін бола бермейді. Бұл тынымсыз еңбекті талап ететінін ескеру керек. Оған қоса, жыл басынан бері түрлі заңсыздық үшін 55 күдіктіге іздеу жарияланғанын айту қажет.