Павлодарда Аяз атаның резиденциясы ашылды
Жаңа жыл қарсаңында мерекелік атмосфераға бөленгісі келетіндер ертегі кейіпкерлерімен кездеседі.
Бұл мереке, әсіресе балалар үшін қызыққа толы болмақ. Ертістің жағалауындағы ерекше үйде оларды сыйлыққа толы сандық, сиқырлы таяқ және мерекелік дастархан күтеді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
-Аяз Атаның резиденциясын іздеп келдік. Ол шынымен де адам аяғы баспайтын тоғайдың шетінде жеке дара тұрған үйде орналасқан екен. Қазір бізді ертегі кейіпкерлері қарсы алатын болады.
Биыл солтүстік өңірде ауа райы таңқалдырып тұр. Қар аз түсті. Соңғы күндері жауған жаңбырдан дала көк мұзға айналған. Жаңа жылдың келгенін тек Аяз Ата мен Ақшақардың үйіне кіргенде сезінгендей болдық.
- Здравствуй, моя хорошая. Здравствуй, внученька, в гости приехала, да, молодец, молодец. Это вот наш дом со снегурочкой, проходи будь как дома.
Арнайы безендірілген үйдегі әрбір заттың орны бөлек. Мысалы, көне сандықта балаларға арналған сыйлықтар сақталады. Сиқырлы таяқ армандарды орындайды. Ал Ақшақар ұсынған шайды ішпей тұрып, міндетті түрде тілек айту керек.
Аяз ата:
- Сіздің жасыңыз қаншаға келсе де ғажайыптан бас тартпағаныңыз абзал. Ол шынайы сенетіндердің өмірінде болады. Біздің үйіміз де осы мақсатта салынған. Бұл жерге келгенде ересектердің өзі балалық шаққа қайта оралады.
Мұнда артық зат жоқ. Бәрі ертегіге сәйкес ойластырылған. Ал Аяз атаның көмекшілері Ақшақар мен Ергежейлі балаларға арналған сыйлықтарды дайындап сандыққа салады. Келген қонақтарға шай береді. Тіпті ән шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлайды.
Үйдің екінші қабатында бас кейіпкердің жұмыс бөлмесі орналасқан. Онда балалардан келген хаттар қабылданады. Аяз Атаға хат еліміздің көптеген өңірлерінен келіп жатыр.
- Міне Қарағанды облысынан хат жазған Жансая «барби» қуыршағына тапсырыс беріпті. Биыл бұл қуыршаққа сұраныс өте көп. Ал Алматы қаласынан хат жолдаған Милана әлемде бейбітшілік орнағанын қалаймын, депті.
Аяз Атаның уақыты тығыз. Күні бойы қонақ күтеді. Оларға көңіл бөліп, тілегін орындауы шарт. Сыйлықтарын үлестіріп, хаттарына жауап жазып үлгеруі тиіс. Жаңа жыл жақын.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков