Шымкенттегі волонтерлердің өнегесі елге үлгі

Шымкенттік еріктілер көше тазалауға шыққан коммуналдық сала жұмысшыларына тегін шәй мен ыстық нан таратып жүр.

Осылайша еңбек адамдарының алғысын арқалаған жандар қайырымдылық акциясын дәстүрге айналдырды. Еріктілер 5 жылдан бері мұқтаж отбасыларды қолдауды әрі медициналық көмек көрсетуді де жалғастырып келеді.

Қала тазалығына жауапты жандар еріктілер тобымен етене таныс. Себебі қысы-жазы таң атысымен жұмыстарына жәрдемдесіп, ыстық шәйі мен бәліш, нандарын ұсынып келеді. Еңбек адамдарына жақсы сөзін арнап, көңіл қуантуды да ұмытпайды. 

Сәкен Жамбылов, жұмысшы:

- Күн суықта кішкене денемізді жылытып, марқайтып, көңілімізді көтеріп кетіп жатқан волонтер балаларға көп рақмет айтамыз. Осының өзі үлкен күш береді, қуат береді.

Еріктелер тобы жақында көпбалалы әрі ІІ топтағы мүгедек Күнсұлу Ахметоваға айрықша қуаныш сыйлады. Тағдыр тауқыметін тарқан отбасы қайырымды жандардың арқасында баспаналы болды. Бұл - белсенді топтың ұйымдастыруымен соңғы 6 жылдың ішінде қоныс тойын өткізген жиырмасыншы отбасы.

Күнсұлу Ахметова, қала тұрғыны:

- Өмірде қайырымды жандар өте көп екен. Оған көзім жетті. Міне ойламаған жерден баспаналы болып отырмын. 

Сондай-ақ шаһар аумағында еріктілердің бастамасымен ашылған «Ізгілік» дүкені жұмыс істейді. Мұнда кез келген тұрғын қолда бар бағалы заттарын, кәдеге жарайтын бұйымдарын өткізе алады. Сондай-ақ таза киімдерін әкеліп, қарайымдылық акциясына үлес қосуына болады. Былтыр әлеуеті әлжуаз мыңнан аса отбасыға қамқорлық көрсетілді.

Қайрат Дәрібаев, қайырымдылық қорының басшысы:

- Қол жеткізе алмай жүрген велосипед болуы мүмкін, ұнайтын ойыншықтары, жақсы киім болуы мүмкін өзі қандай арман айтады, кәсіпкер азаматтарға айта отырып 180 баланың арманын орындаған екенбіз. Сонымен қоса 400 - ден аса отбасыға азық-түлігімізді жеткіздік.

Еріктілер ел ішіндегі оқыс жағдайларда апаттан зардап шеккендерге көмектесіп, пандемия кезінде де белсенділік танытты. Қазір олардың қатарын 120 азамат толықтырып отыр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов