Оралда жарылыс болған дәмхананың орыны толық тазартылды

Орал қаласында дәмханада болған жарылыстан 3 адам қаза тапты.

Ал зардап шеккен 6 азаматтың 4-нің жағдайы ауыр. Түрлі деңгейде жабық ми жарақатын алып, денесін күйік шалғандар жансақтау бөліміне жатқызылды.

Сырым Датұлы атындағы көшеде орналасқан «Ризық» кафесіндегі жарылыс түнгі 02-лерде боды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар өртті жарты сағатта сөндірді. Үйінді арасынан 3 адамның денесі табылды. 6 адам аман құтқарылды. Оның төртеуінің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.

Ерлан Тоқсанов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бір адамы тексеріліп үйіне жіберілді амбулаториялық емге. Тағы бір адам бет және мойын тұсының күюімен травматологиялық бөлімшеге орналастырылды. Қалған төртеуі жан сақтау бөлімінде. Жағдайлары өте ауыр. Біреуінде екі жақты пневматоракс. Оң  жақтың иығының орта жеріне сынуы және төртеуінде жабық ми жарақаты. 

Төтенше жағдай қызметінің мамандары кафедегі жарылысқа табиғи газ қоспасының жиналуы себеп болды ма деп болжайды. Екі қабатты ғимараттағы дүмпудің күшті болғаны сонша іргедегі 5 қабатты үйдің терезелерін ұшырып түсірген.

Тыныштық Жақыпов, қала тұрғыны:

- 2-лер шамасында қатты жарылыс болды. Мен мына жерде ұйықтап жатқам. Шошып кеттім де. Терезе шағылып түсті балкон мына жаққа қарай көріп тұрсыз ғой. Целофанмен жауып қойдым. Ойладым машина жарылған екен деп. Қарасам кафе. Мына кафе 24 сағат істейді де. Адал кафе. Айтады газ баллон жарылды деп естіп жатырмын. 

Зардап шеккендердің екеуі Өзбекстан азаматы болса, қалғаны қала тұрғындары. Ал қаза тапқандар туралы полиция департаменті әзірге ақпарат бермей отыр. Қазір Қылмыстық кодекстің 292-бабы, өрт қауіпсіздігі қағидаттарының өрескел бұзылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.

Рашид Біләлов, БҚО ТЖ Департаменті бастығының орынбасары:

- Апатты құтқару жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында зардап шеккендер мен қайтыс болғандардың туыстарына психологиялыөқ көмек көрсетілуде.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- «Ризық» кафесіндегі түнгі жарылыстың зардабын жою жұмыстары дәл қазір аяқтала келді. Үйінді астында ешкім қалып қоймасын деген ниетпен құтқарушылар жарылыс орнын толық тазалап шыққанын айтады. Жалпы құтқару жұмыстарына 110 адам, 30 дана техника тартылған.

Е.Жылқайдарұлы, Б, Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев