Қарағанды қаласының құрылғанына 90 жыл

Бүгін Қарағанды қаласының «қала» мәртебесін алғанына 90 жыл толды.

Ғасырға жуық уақытта кенді өлке - елдің өндірістік, мәдени және ғылыми орталығы, экономикалық саяси тірегі бола білді. Қарағанды талай ұлыстың тату-тәтті тұрағына айналған мекен. Өңірдің негізгі өндірісі – көмір. Шаһардың құрылуына да осы пайдалы қазбаның әсері бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- «Аппақ Байжанов Қарағанды көмір кен орнын алғаш ашушы, кен білгірі. 1833 жылы ол жер бетіне шығып жатқан тас көмір қабатын тапты»-дейді. Аппақ Байжановтың қара тасты жанатынын ашқан уақытпен Қарағанды қаласының іргесінің қалануы тарихи тұрғыда тығыз байланысты деуге негіз бар. 90-жыл қала үшін өтпелі кезең, адам үшін бір ғұмыр, ал тарих үшін 1 ғасырға жуық уақыт. Дәл осы Аппақ Байжановтың ескерткіші тұрған жер Қарағандыға келетін меймандар үшін тарихпен танысудың алғашқы кезеңі болып саналады.

Кеншілер қаласы құрылған жылдары әр он жылдық айшықты кезеңмен қорытындыланып отырды. Соның ішінде 1972 жылдың шоқтығы биік. Себебі сол жылы бүкілодақтық қалаларды сәулеттік тұрғыда көркемдеу байқауында Қарағанды Мәскеуден кейін ең әдемі қала деңгейіне көтеріледі.

Темірғали Аршабеков, облыстық ғылыми-техникалық архив басшысы:

- Қазіргі біздегі мына «Караганде образцовый порядок, высокую культуру»- деген  жазба қалаға берілген даңқ. Ол кезде мозайкамен сәулетшілер, архитекторлардың қаланы безендірілуі. Өте сәулетті қала болды. Біздің Астанамыз қалай дамыды, соңғы 30 жылда. 1930-шы жылдан бастап қала құрылысы үнемі шапшаң, қарқынды дамыды

Бұл сол кезеңде түсірілген таспа. Жастар қаласында әрбір үшінші тұрғын көмір бассейнінде немесе кен орындарында жұмыс істейтін кез. Осы кезде ғалымдар кеншілер қаласының астында 200 млрд тонна көмір бар деген болжам айтқан. Николай Байзбаевтың әкесі Дуабай алғаш болып Костенко атындағы шахтада жұмыс істегендердің бірі. Кейін Николай да кен орнынан зейнетке шыққан.

Николай Байзбаев, көмір өнеркәсібінің құрметті азаматы:

- Көршілердің барлығы шахтерлер болды ғой. Олар таңертең кетеді, сосын келеді жұмыстан. Барлығы сол спецовкамен жүретін. Қолында күрегі бар. Солай баратын шахтаға. 50-52-ші жылдары мен осыны көзбен көрдім.

Қазір Қарағанды алып мегаполис. Көмір мен темірден өзге ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіп, бизнестің әр санатына ден қойыла бастады. Бұрынғыдай қала құраушы кәсіп орынға тәуелді емес. Десе де өткен тарих жас ұрпақтың санасында қалуы тиіс. Облыстық өлкетану музейі «Сүйікті қаламызға арналған сыйлық» - деген жоба бастаған. Мына экспонаттардың бәрін балалар әкеліп қойған.

Әли Бақытов, оқушы:

- Қарағанды қаласы фабрикасынан шығатын носкиі. Біз бұны өз ақшамызға сатып алдық. Біз акцияға келіп, музейге осындай сыйлық жасадық.

Айзере Тойымбекова, оқушы:

- Мен Ленин туралы альбом алып келдім. Анау жерде тұрған көк альбом. Қарағанды көп нәрсесімен ұнайды, ол менің Отаным, мен осында тудым, өстім білім берді. Екіншіден жәй жақсы көремін, жақсы адамдар, жақсы білім береді.

Негізі Қарағанды қаласының алғашқы сызбасы 1930 жылдары жасалды. Бірақ 1960 жылдарда халықтың көбеюіне байланысты қаланы кеңейту қажеттілігі туындады. Содан бастап шаһарда панельді үйлердің дәуірі басталды. Осылайша Қарағанды сәулетті үйлерімен ерекшеленді. Бүгін кеншілер қаласы жарты миллионға жуық тұрғыны және өзіндік даму жолы бар бірегей қала.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар