Оралда 3 көпір салынады

Оралда жаяу жүргіншілерге арналған 3 көпір салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Оның бірі Орал-Желаев бағытындағы теміржолдың үстімен өтеді.

Бір қуанарлығы, өткелдер халық көп шоғырланған аудандарда ашылады. Яғни ел-жұрттың жүріп-тұруы жеңілдейді.

Орал-Желаев теміржол учаскесі қаланың ішімен өтеді. Жамбыл мен Чкалов атындағы көшелердің тұрғындары дәрі-дәрмек, азық-түлік алу үшін басын қатерге тігіп, шойынжолдың үстімен өтуге мәжбүр. Бұл – балабақша, дүкен, аялдамаға жетудің ең қысқа жолы.

Бұл теміржол бойымен күніне 14 пойыз өтеді. Қозғалыс жиілігінен шұғыл тежеуге мәжбүр болатын кездері аз емес. Желілік полиция қызметкерлерінің айтуынша, былтыр 2 адам пойыз астына түсіп, қаза тапқан.

Кұттымұрат Кұлмұратов, Орал стансасы желілік полиция бөлімінің басшысы:

- Орал-Желаев теміржол бойында бізде жаяу жүргіншілер көпірі жоқ. 27 шақырым екі жағында халық бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бізде 17 факт болды. Оның бесеуі – адам басып кету қаупі.

Теміржол өткелі – оралдықтарды көптен бері мазалап жүрген мәселе.   «Жақында ол оң шешімін табады», – дейді жауаптылар. Осы учаске бөлігінде жергілікті атқарушы билік жаяу жүргінші көпірін салуды жоспалап отыр. Биыл байқау жарияланып, жобалық-сметалық құжаты дайындалмақ.  

Асхат Көлбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Оны іске асыруда қандай қиындықтар бар? Біріншіден, құрылыс аумағы тарлық етеді, екіншіден, инженерлік жүйені ауыстырып, көшіруге тура келеді. Осының бәрі жобаға енгізіледі. Оның құны қаншаға шығатындығы. Мұндай жаяу жүргінші өткелдері Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында бар. 

Тағы 2 көпірді қаланың көлік қозғалысы жиі автожолдардың үстінен салу көзделіп отыр. Бастапқы есеп бойынша бір өткелдің құрылысы шамамен 350 миллион теңге болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев Альбина Кумаргалиева, Ербол Мендыгалиев, Эльдар Аюпов.