Бүгін Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілді

Жаңашылдық ең алдымен халықтың салауатты өмірі үшін маңызды.

Тұрғындардың белсенді жұмыс істеуіне ықпалы зор. Тіпті тұтас экономиканы ілгерілетуге де әсері болатын көрінеді. Жалпы «адам ағзасының биологиялық сағаты» деген ұғым бар. 2017 жылы оның тұжырымын дәлелдеген бір топ америкалық ғалым медицина саласы бойынша Нобель премиясымен марапатталды. Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуін отандық ғалымдар жоғарыда айтылған халықаралық тәжірибеге сүйене отырып енгізді.

Қазақстанда 12 өңір мен 3 мегаполистің тұрғындары түнгі сағат 12-де UTC+5 уақыт белдеуіне ауысып, сағат тілін 60 минутқа шегерді. «Жаңашылдықтың пайдасы көп», - дейді мамандар. Әсіресе, жұмыстың нәтижелілігі артады. Адам ұзақ уақыт демалады, сергек жүреді. Дұрыс ұйықтамаған адам айналада болып жатқан құбылыстарды дұрыс қабылдай алмай қалуы мүмкін. Көру, есте сақтау қабілеті төмендейді.

Блиц:

- Таңда ұйқыңыз қанық болды ма? Иә, қанды. Тұрғанда күн жарық болды.

- Салыстырсақ бұрынғы уақытпен 1 сағатқа ерте тұрдым. Балаларға жақсы. Мектеп пен балабақшаға барарда ұйқылары қанады.

- Жаңа жылдың өзінде бір уақытта құттықтауға болады. Ақтөбеде туыстарым бар. Бізде мына жақта 12 болса, ол жақта 11 болатын еді. Қазір енді теңесті.

- Уақыттың ауысқаны баламыз үшін жақсы болды. Оның өз биологиялық сағаты бар. Енді ерте тұрады. Жұмысымызға жиналуға артық уақытымыз қалады.

- Ұйқым қанғандай сезіндім. Азанда сабаққа бара жатқан кезде күн жарық, түн емес. Сол жағынан жақсы болды.

Естеріңізде болса, Қызылорда облысы батыс уақытына 2018 жылы ауысты. Сыр елі қазір мұның игілігін көріп отыр. Жалпы уақыт белдеуі деген түсінік 2 ғасыр бұрын пайда болған. Кейін әр мемлекет өз ыңғайына қарай, әкімшілік уақыт белдеуін қолданысқа енгізе бастады. Қазір әлемде 175 мемлекет бірыңғай cағат белдеуінде. 22 ел ғана бірнеше уақыт кеңістігін қолданып келеді.

Болат Нұрқожаев, қолданбалы хронобиология маманы:

- Адамдарға әсері күннің қақ ортасында тұруы яғни кульминациясы біздің әлеуметтік сағатымызбен 12 сағатқа тең болса онда біздің ішкі биологиялық ритмдерімізбен табиғаттың уақыты сәйкестікте болады. Және біздің организміміздегі биоритмдер әр клетка өзіндік "clock" сағаттық. Солар бір-бірімен сәйкестікте болады. Яғни бұдан ешқандай да десинхронизация болмайды.

Бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құлшылық уақытының да өзгергендігін хабарлады. Намаз кестесі muftyat.kz сайтында бар. Мұнда барлық ауыл мен қала қамтылған. Әуе мен теміржол байланысы да жаңа уақытпен жүреді. Жолаушылар пойызының барлық өзгерісі ресми сайттарда жарияланды. Жолға шығу уақыты таяған әр азамат СМС-хабарлама алады.

Сара Сахынбек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

- Наурыз айында пойыздар жаңа кесте бойынша жүреді. Бұл билеттерде де ескерілген. Ең бастысы, жолаушылар өз сағаттарын біріңғай уақыт белдеуіне сәйкес ауыстыру керек. Жолаушыларға сапарды алдын ала жоспарлауға, билет уақытын мұқият қарауға кеңес береміз. Анықтамалық ақпаратты 1433 номері арқылы анықтауға болады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ел аумағындағы уақытымыз тұтас әрі анық, ұйқымыз да қанық. Ең бастысы адам ағзасына пайдалы болады, деп сенейік. Бұл өзгеріс батыстағы ағайынның да көңілінен шығып жатыр. Мәселен, пойызбен жол жүрерде елорданың бұрынғы уақыт белдеуімен санасудың бұдан былай қажеті жоқ. Әсіресе балалар мен егде жастағы жолаушылар енді сағат тілінен еш шатаспайды.

Мирлан Алтынбек, Қанат Махмұтов