Елордада өнеркәсіптегі әйелдердің бірінші форумы өтті
Бүгінде әйелдер қауымы еңбек етпейтін сала жоқ деуге болады.
Солардың бірі - өнеркәсіп. Көлік-логистика, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, энергетика және өзге бағытта еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы, елордада өткен алғашқы форумда бас қосты. Ауыр еңбек түрін таңдаудан бас тартпай, ондаған жыл тәжірибе жинақтаған мамандар өз ісінің мүмкіндіктері мен әлеуеті жайында сөз қозғады. Өнеркәсіптегі басшы қызметін тізгіндеген әйелдер саланы өркендету жолдарын талқылап, жиған-терген тәжірибесін жас мамандарға үлгі етті. Сондай-ақ кейінгі жылы елімізде шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 48 проценттен асып, кәсіпкер нәзік жандылар 1 млн 400 мың жұмыс орнын құрып отыр. Форумда сөз алғандар бұл көрсеткіштер әйелдер басқаратын кәсіпорындар ерекше тұрақтылығымен, қызмет сапасына деген айрықша көңіл бөлінуімен ерекшеленетінін атап өтті. Шараның мақсаты - әйелдердің еңбектегі әлеуетін барынша ашып, жоғары белестерге жетуіне ықпал ету.
Ләззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
- Осы салада жұмыс жасап жатқан басқарушы деңгейдегі әйелдердің көтеріп жатқан сұрақтарын билікке жеткізу. Екіншіден, өнеркәсіптің қарқынды дамуы тек қана ер азаматтардың қолында емес, бүгінгі таңда 17 процент осы бизнесті басқарып отырған әйелдер. Солардың да үні бар, үлесі бар. Бірнеше мысал ретінде өнеркәсіпте жүрген әйел азаматтар өз тәжірибесімен бөлісе отыра, туындап жатқан қиындықтарды ел болып шешеміз деген шешімдерді қабылдауға өз үлесін қосуда.
Ләззат Ботабекова, «Ойқарағай» көмір кенінің басшысы:
- Мен енді 2001 жылдан бері қарай сол кен орнында басшы болып жұмыс істеп келе жатырмын. Бүгінгі форумда біз Қазақстандағы өнеркәсіппен айналысатын әйелдер бір-бірімізді танып, пікір алмасып жатырмыз. Өзімізге қажет пікірлер туралы айтып жатырмыз. Бұл жердегі ең басты мәселе менің ойымша өнеркәсіппен айналысатын әйелдерге үкіметтің қолдауы керек. Әсіресе бізге жетіспейтіні мамандар. Мына орта буындағы кадрлар, электрик, слесарь, механик, экскаватор жүргізуші, ауыр техниканы меңгеретін адамдар аз.