Маңғыстау облысында «Аңсаған сәби» жобасымен 273 жұпқа квота беріледі
Маңғыстау облысында биыл «Аңсаған сәби» жобасымен 273 жұпқа квота беріледі, деп хабарлайды 24KZ.
Президент Жолдауына орай жүзеге асқан жоба сәби күтіп жүрген талай шаңырақты шаттықа бөлегені анық. Соңғы екі жылда шалғай өңірде тұратын 300-ден астам әйел экстракорпоралдық ұрықтандыру арқылы сәбилі болды.
Ақтау тұрғыны Гүлсара Күмісқалиева екінші сәбиін экстракорпоралдық ұрықтандыру арқылы дүниеге әкелді. 49 жастағы әйел медициналық шараны елордаға барып жасатыпты. Үкілеген үміті ақталып, қыздан кейін ұл туғанына қуанышты. Баланың да, анасының да жағдайы бірқалыпты.
Гүлсара Күмісқалиева, қала тұрғыны:
- Ата-ана бола алмай жүргендерге кеңес беремін. Эконы Астанадан жасаттым, сәтті шықты. Мақсатыңа жетесің, соны сабырлықпен күту керек. бәрі ойдағыдай болады. Жақсы жағдайларымыз, рақмет бәріне. Дәрігерлерге де, қолдары дерт көрмесін.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы 2026 жылға дейін жалғасады. Қазір елімізде жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Квотаға үміткер отбасы тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеледі. Учаскелік терапевтің нұсқауымен репродуктология орталығына барып, анализ тапсырады. Экстракорпоралдық ұрықтандыру жасатуға денсаулығы жараса, гинеколог-дәрігер қорытындысы денсаулық сақтау басқармасына жолданады. Сол жерде комиссия құжаттарды қарап, оң шешім шығарған жағдайда отбасылық жұп кезекке тұрады.
Юлия Досаханова, ДСБ штаттан тыс отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестірушісі:
- Осы жылға 273 квота берілді біздің Маңғыстау облысына. Жылдың басында бірінші комиссия өтті. Қазірде біз құжаттарды біз жинақтап жатырмыз, яғни кезекке қоюға. Ол отбасы бір жылдың ішінде тұрақты бірге тұрса және жүкті болмаса, біз сол кезде «бедеулік» диагнозын қоямыз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Маңғыстау облысында мың жарым отбасы кезекте тұр. Ескеретін жайт, сәби сүйгісі келетін отбасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруды жылына бір рет тегін жасата алады. Талпынысы сәтсіз аяқталса, келесі жылға кезекке тұруына мүмкіндігі бар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.