Ақтауда алғаш рет ихтиозавр қаңқасы музейге қойылды

Алып жануардың сүйектері мен тістері Маңғыстау ауданы «Сулы қапы» мекенінен табылды.

Қазба жұмыстары 5 жыл бұрын жүргізілді. Қаңқасы табылған ихтиозавр 113 млн жыл бұрын Тетис мұхитында өмір сүрген деген болжам бар. Қазір оны Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінен көруге болады.

Тарихқа үңілсек, Маңғыстау - ежелгі Тетис мұхиты орналасқан жер. Ихтиозаврлар осыдан 100-113 млн жыл бұрын суда тіршілік еткен. Үлкендігі жағынан эласмозавр және көк киттен кейін үшінші орында тұр. Бор дәуірінде болған жаһандық жылыну салдарынан мұхит тартылып, климаттық өзгеріске бейімделмеген динозаврлармен бірге жойылып кеткен.

Өзі ғажайып көрінеді. Бұрындары болғаны еске кірмейді. Біздің Маңғыстауда мұндай болған жоқ деп ойладым. Мультфильм, кинолардан ғана қарайтын едік. 

Сәлима Үсенова, музей қызметкері:

- Балықтар, кальмарлар және әртүрлі жәндіктермен қоректенген екен. Баласын құрсағында көтеріп, дүниеге әкелетін жыртқыш жануар болған. Сонымен қатар, суда өте еркін жүзген. Бір ерекшелігі - олар балық сияқты желбезектерімен емес, өкпемен тыныс алған екен. Өкпесіне оттекті жинау үшін су бетіне қалқып шығып тұратын болған.

Ихтиозавр сүйектері Шетпе ауылынан 15 шақырым жерден табылды. Музей қызметкерлері бастапқыда 6 метрден асатын қаңқа құрастыруды ойлапты. Кейін жоспар өзгеріп, 1 метр 70 сантиметрлік нұсқасы дұрыс деп тапқан. Жәдігерді қалпына келтіру жұмыстарына суретші-реставратор Алина Бисембаева жетекшілік етті

Алина Бисембаева, суретші-реставратор:

- Сүйектердің сақталу жағдайына қарай ихтиозавр қаңқасын кішігірім күйде құрастыруды ұйғардық. Яғни 45 қабырғаның орнына 25-сін бір-біріне жалғадық. Кейбір сүйектер қайта-қайта сына берді. Олардың арасынан жұқа сым өткізуге тура келді. Қызықты әрі танымдық жұмыс бес айға созылды.

Музейде «Ежелгі Тетис құпиялары» атты палеонтологиялық көрме ашылды. Оған Маңғыстау жерінде миллиондаған жыл бұрын тіршілік еткен плезиозаврдың жақ сүйегі, қазба тасбақа қаңқасы, ежелгі дельфин сүйектері мен акулалардың тістері қойылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев