Елордада 200 мерекелік іс-шара өтеді

Наурызнамаға орай, Астанада 200-ге жуық мерекелік іс-шара өткізу жоспарланған.

Концерттер, спектакльдер және қайырымдылық науқандар күнтізбесі бекітілді.

Бас шаһардағы басты мейрамға дайындық қызу. Көшелер мен даңғылдарға Наурыздың ресми белгісі бар жалаушалар ілінген. Ал алаңдар мен сахналар қардан тазартылып жатыр. Таяуда киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылады. Күн райының суықтығына қарамастан мерекелік көңіл күй қазірдің өзінде сезіледі, дейді елордалықтар.

Блиц:

- Балалық шақтағы естелікті айтсақ, алаңда наурыз-көже ішіп, палау жеп, алтыбақан теуіп, ұлттық киім киіп, тақпақ жаттайтын едік.

- Өзім студент болғанда Наурызда демалыс болатын. Ауыл жаққа барып, отбасыңмен жиналасың. Тума-туысқандармен көрісесің. Қалада жүрген кезде тіршіліктің қамымен ұмытып кетеміз ғой кейде бармай.

- Көрісу мерекесі деген көк тастың еріген күні. Бұрыннан келе жатқан қазақи дәстүр. Қыстың кетіп көктемнің алғаш келуі. Қар еріп, көктің шығуы.

- Негізі Көрісу мерекесін биыл ғана естіп жатырмын. Бірақ 10 күндік мерекені дұрыс деп ойлаймын. Кеше ұлттық киімдер күні, көрісу мерекесі, қайырымдылық күні деп айтып жатыр ғой. Оны тойлап та тұрған дұрыс.

Наурызнама күнтізбесіне сәйкес, бүгін - қайырымдылық күні. Коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ және Наурыз көже үлестіріледі. 16 наурызда музыкалық мектептер мен оқушылар сарайында, академиялық кітапханада ұлттық танымдық іс-шаралар өтеді. «Шаңырақ күні» отбасылық құндылықтар насихатталады. «Бәйтерек» монументі алдында ұлттық киім киген жастардың некелерін қию салтанаты өткізіледі. Ақсақалдар мен көпбалалы аналар бата береді. «Ұлыстың ұлы күні ел азаматтарының біртұтас ұлт болып ұйысуына сүбелі септігін тигізеді», - дейді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің сана сезіміміз өзгерді. Енді біз бір ұлт болып осы мерекеге өзгеше қарауымыз керек. Ол не деген сөз? Мен Президенттің сөзін былай түсінемін. Ең алдымен біз ұлт құру деген ұғымға дұрыс қарауымыз керек. Біз бәріміз бір елдің азаматымыз. Қай этнос өкілі болсақ та, біз бір ұлт болып осы мереке арқылы жеке ұлт ретінде өзімізді көрсетуіміз қажет.

Ал, депутат Ажар Сағандықова 18 наурызды күтпей-ақ ұлттық киім кигенді құп көреді. Күнделікті өмірде тағатын түйреуішінен бастап әшекейіне дейін ұлттық оюдан тұратынын айтып қалды.

Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Маған Наурыздың жаңа тұжырымдамасы ұнайды. Өйткені бұл мейрам отбасылық һәм ұлтты жұдырықша жұмылдыратын сипатқа ие. Адамдарды этносқа бөлмей, әр азаматқа өз ұлтының өкілі ретінде қарайтын отансүйгіш жастарды тәрбиелейді деп ойлаймын. Өз басым  ай ортасында бірден ұлттық киім киемін. Мәселен, үстімдегі шапаным қазақстандық өнім, қолдан тігілген.

«Ұлттық киім» күні мәдениет қайраткерлері, танымал өнер жұлдыздары мен театр әртістері тақырыптық челлендж бастамақ. Ал «Жаңару күні» төл құндылығымызды танытуға елеулі үлес қосқан азаматтар «Наурыз Ұлттық сыйлығымен» марапатталады. 20 наурызда ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылса, 21 наурызда концерттер мен театрландырылған қойылымдар, байқаулар болады. Жыл басы – 22 наурызда халықаралық көрме орталығында көшпелі өркениеттер фестивалі өтеді. Наурызнаманың соңғы күні сенбілікке және экологиялық науқандарға арналмақ.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов