Ақтаулық аспаз түйе сүтінен балмұздақ жасап шығарды
Ал ақтаулық аспаз түйе сүтінен жасалған ірімшікті балмұздаққа қосып, ерекше тәтті жасап шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
Еламан Нұрай – Маңғыстау туризм колледжінің түлегі. Қазір өзі оқыған білім ордасында «Аспаздық іс» мамандығы бойынша сабақ береді. Түсі мен дәмі ерекше балмұздақты әзірлеуге шәкірттері атсалысқан.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Түйе сүтінен жасалған ірімшік балмұздаққа сарғыш түс береді. Басты ерекшелігі дәмінде. Этно стильдегі тәтті тағам бірер айдан кейін жергілікті дәмхана-мейманханалардың ас мәзіріне қосылады.
Ерекше балмұздақ түйенің тоңызытылған сүті мен сол сүттен жасалған ірімшіктен дайындалады. Тәтті тағамға тағы не қосатынын аспаз Еламан ашып айтпады. Қазір ол авторлық жобаға патент алудың қамымен жүр. Бұдан соң Ақтауда көпшілік тамақтанатын орындарға ұсынамын, – дейді.
Еламан Нұрай, колледждің аға сарапшысы:
- Қазақтың ұлттық тағамдары ата-бабамыздан қалған әлі сол күйінде тұр. Бір орында, дым өзгермей бір қалыпта тұр екен. Ал мен өзгертіп жатырмын оларды. Қуырдақты, бесбармағымызды кәдімгі мейрамханада еуропалық үлгімен тартып, құрттан, шұбаттан, қымыздан соустар істеп жатырмын. Сосын жарыстар болады, әлемге көрсетемін оларды.
Колледждің материалдық-техникалық базасы жақсы. Оқу ғимаратында заманауи үлгіде жабдықталған 4 зертхана бар. Ас плитасы, тоңазытқыш, тағы басқа тұрмыстық техника қойылған сыныптарда болашақ аспаздар, кондитерлер мен технологтар біліктілігін шыңдайды. Талаптарға сәйкес келуіне байланысты жұмысшы мамандықтары бойынша республикалық сайыстар осы жерде өтеді.
Айгүл Жаңабаева, колледж директорының орынбасары:
- 2019 жылдан бастап біздің колледж DalaSkills деген конкурсқа қатысады. Бұл – қазақ ұлттық тағамдарының конкурсы. Оның ішіне бірінші тағамдар, екінші тағамдар, салаттар және десерт кіреді. Сосын балмұздаққа біздер осы Маңғыстауда шығатын өнімді қосып, дәмін жақсартып, сосын иісін келтірейік деген жобамен жұмыс істедік. Соның жетекшісі біздің Еламан болды.
Ұлттық тағамдарды әлемге танытуды мақсат тұтқан аспаз енді балмұздаққа құрт пен жент қосып көрмекші. Қазір оның шәкірттері түрлі дәмдеуіш араластырып, малдың миы мен тілінен сорпа, бауырсаққа тәтті крем қосып әзірлеуді үйреніп жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.