Түркістанда жылыжайы бар ерекше саябақ салынды
«Белсенді демалыс бағының» аумағы ат шаптырым.
Ал жылыжай ғимараты 1 гектарға орналасқан. Сырты шынымен қапталған заманауи кешеннің іші қысы-жазы жайқалып тұрмақ. Ерекше жылыжай қашан пайдалануға беріледі? Онда қандай ағаш түрлері мен өсімдіктер өсіріледі?
«Белсенді демалыс саябағының» аумағы 10 гектардан асады. Мұнда 2 мыңнан аса түрлі ағаш егілген. Субұрқақтар, ойын және скейтборд алаңдары бар. Саябақ жазда қала тұрғындары мен жастардың сүйікті орнына айналмақ. Ал ерекше жылыжайдың құрылысы аяқталуға жақын. Қазір ішіне инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылып жатыр.
Бауыржан Қилыбаев, жылыжай кешенінің электригі:
- Осы жерді жарықтандыру, ауа алмастыру жүйесін істеп жатырмыз. Сонымен қатар су жүйелері жүріп, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Көгалдандыру, газондар егіледі. Сырттан келген саяхатшылар аралайтын жақсы демалыс орны болады. Ботаникалық баққа қыста осы жердің халқы келіп, демалып кететін жай болады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Елімізде баламасы жоқ бұл саябақта тропикалық өсімдіктер мен жеміс ағаштары және түрлі гүлдер өсіріледі. Бақтың іші қысы-жазы жасыл, әрі жылы болып тұрады. Айналаны қоршай жылу жүйелері орнатылған. Сондай-ақ жылыжайдың орта тұсына сахна, субұрқақ, ойын алаңы мен шатырлар салынады. Мамандар саябақтың ішінде түрлі құстар ұшып жүрсе, жасанды көлшікке балықтар жіберілетінін айтады.
Жалпы жылыжайдың ішіне 4,5 мың көшет пен түрлі өсімдіктер егіледі. Қазір соның жартысына жуығы отырғызылған. Кешеннің төбесі қапталып, тропикалық өсімдіктерге лайықты микроклимат қалыптасады.
Нұркен Нақбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл өсімдіктер мен гүлдерге, ағаштарымызға субтропикалық жағдай жасалады. Бұл жерде катальпа, лимон, киви, пальма және басқа да субтропикалық ағаштар егілді. Құрылыс монтаж жұмыстары былтыр басталды, биыл мамыр айында аяқталады.
«Белсенді демалыс саябағының» құрылысы 2 кезеңге жоспарланған. Қізір І кезеңі толық аяқталды. Жоба құны – 5,4 млрд теңге.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов