Өртеніп өлген ақын
Өртеніп өлген ақын! Бүгін оның туған күні. Абдолла Жұмағалиевті халқы ұмытпаған шығар деп сенеміз.
Иә, соғыста жүріп, Волокалам тас жолының үстінде 27 жасында өртеніп кеткен әйгілі ақынның отты жырлары қалды. Абдолла ақынның досы Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында «От ұстаған Прометейім!» - деп жырлады.
Марқұмның жырлары ел жадында қалып, тасқа басылғанмен, ол жайлы дерек онша көп емес ау. Ақынның отбасы болды ма? Ұрпағы бар ма екен?
Абдолла Жұмағалиев соғыс басталғанға дейін корей қызы Александрамен көңіл қосып, заңды некеде тұрған. Ақын соғыста жүріп өлген соң, жары басқа адамға тұрмысқа шығады. Соғыс аяқталған соң, ақынның бауырлары жеңгесін іздеп барғанда ол мазаламауын сұраған екен. Содан байланыс үзілген.
Ардақ Жұмағалиева, келіні:
- Сол Александра әжеміз атамыз соғысқа кеткенде аяғы ауыр болып, жүкті болып қалған деп айтады. Өкінішке қарай, атамыз қайтқаннан кейін ол кісі тұрмысқа шығып кеткен екен. Тұрмысқа шығып, баланы сол тұрмысқа шыққан басқа кісінің атына жаздырып, өзінің туыстарын жақындатпаған.
Сертшіл ақынды сұм соғыс жалмады. 27 жасында өртеніп өлген ақын Абдолла Жұмағалиев жайында қаһарман досы Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазды. Сөйтіп Абдолланың есімі аңызға айналды.
Ғайсағали Сейтақ, ақын:
- Оның көрсеткен ерлігі ерен. Жаумен шайқаста жалғыз өзі кейін шегінбей неміс басқыншыларына қарсы шайқасып, үйдің ішінде отқа өртеніп өлген. Сол кездегі саясаттың әсері ме, ерлігі дұрыс бағаланған жоқ.
Ақын Ғайсағали Сейтақтың айтуынща Абдолла ақынға Орал қаласынан көше беру жұмыстары жүргізілген. Бірақ, ақынның медалі мен ордені болмағандықтан ономастикалық комиссиядан өтпей қалған. Десе де ақынның атында туған жері Жосалы ауылында мектеп бар.
Ардақ Жұмағалиева, келіні:
- Көзі көрген Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожин ата, Дихан Әбілов аталардың бар кезінде, Кәкімжанова апалар бар кезінде насихатталатын. Енді жазушылар одағында көп насихатталмайды, шынын айтқанда. Осы уақытқа дейін Павлодар өңірінде тұрып келдім. Көп білмейді екен. Яғни насихат жоқ деген сөз ғой.
Сағынтай Бисенғалиев, ақын:
- Абдолла аудан емес, ауыл шеңберінде қалып қойды. Абдолланы қазір еске алып жатқан адам жоқ. Бұл атақты Қасым Аманжолов шығармасын арнаған ақын. Оралда, Орал өңірінде қызмет істеген. Анау Қызылниязов Батыр, Абдолла Жұмағалиев, Қасым Аманжолов дегендер алыптар тобының соңы, соғыс ақындары бұлар.
«Айқас» деп соқтым әзірге,
Қалдырып жастық думанын.
Жарылсаң жауға бомба боп,
Жарадың, жүрек – туғаным!» -деп жырлаған Абдолла Жұмағалиев 1941 жылы Мәскеу түбінде фашистермен шайқаста қаза болған. Кейін өз бағасын алмай кеткен, атағы жоқ ақынды былайғы жұрт ұмыта бастағанмен, өлеңсүйер қауымның есінде мәңгіге сақталып қалды.
Асантемір Қаршығаұлы, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ