Алматы облысында «Арақсыз ауыл» жобасы жүзеге аса бастады
Алматы облысындағы Ақши ауылында «Арақсыз ауыл» жобасы жүзеге аса бастады.
Бұл бастаманы жергілікті жұрт тегіс қолдады. Сауда-саттықпен айналысатын Ақши елді мекеніндегі кәсіпкерлер де алкоголь өнімін сатудан бас тартып жатыр. Елімізде әр үшінші қылмыс спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтыну салдарынан жасалады. «Арақсыз ауыл» жобасы Қарағанды, Ақтөбе, Жетісу облыстарында да қолға алынды.
Ертіс Тоқтаров, Іле аудандық полиция басқармасының бастығы:
- Бауыржан атамыз айтқан «тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сияқты осы елімізде, жерімізде, ауылдық жерлерімізде тек қана тыныштығын сақтап, қылмыстың алдын алу мақсатында, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында осы ауылға келіп, жобаны қолға алып жатқан бетіміз бар. Ауыл тұрғындары бәрі 100 пайыз қолдап, аналарымыз да, аталарымыз да, сол жобаны іске асырудамыз.
Гүлмира Керімбекова, сатушы:
- «Арақсыз ауыл» жобасын қолдаймын. Негізі өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені біздің жастарымыздың болашағына ол арақтың ешқандай келіп-кетер пайдасы жоқ, зияны болмаса деп өз басым ойлаймын. Біздің магазинде арақ сатылмайды. Біз тек қана шұбат, өте пайдалы өнімдер сатамыз.