Ақтөбе облысында егіс науқанына су тасқыны кедергі емес

Ақтөбе облысындағы көктемгі егіс науқанына су тасқыны кедергі болған жоқ.

Шаруалар жер жыртып, тұқым әзірлеуге кірісіп кетті. Биыл өңірде 11 мың гектар жерге көкөніс егіледі. Оның жартысынан астамы картоп.

Мұрат Құлтаев 7 жыл бойы көкөніс пен бақша өсімдіктерін егумен айналысады. Егіс алқабын 10 сотықтан бастап, 20 гектарға дейін ұлғайтқан. Мазалайтыны су тапшылығы. Себебі жер телімдері өзен-көл арнасынан қашық. Бірақ биылғы су тасқыны шаруа қожалығына оң әсерін тигізген. Іргедегі жасанды көлшік толып, енді жаз ортасына дейін ылғалдан таршылық болмайды, дейді.  

Мұрат Құлтаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Келер жылы картоп пен сәбіз өсіруді жоспарлап отырмыз. 100 гектардай жерді жалға алдық. Қажетті техникамызды сайлап, көкөніс сақтайтын қойма салғаннан кейін кірісеміз.  

Облыс аумағында 30 мың гектар суармалы алқап бар. Биыл тағы 10 600 гектар қосылады. Бұл әсіресе қуаңшылық тығырыққа тірейтін аудандар үшін маңызды. Сол себепті ылғалды үнемді пайдаланатын шаруаларға арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша қолдау көрсетіледі.

Нұрбек Райымбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде мына пестицидтердің құнын арзандатуға, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға, тұқымның құнын арзандатуға. Суармалы су пайдаланған шаруашылықтарға шыққан шығыстарының бір бөлігін өтеуге. Сонымен қатар мемлекет тарапынан осы ауылшаруашылығы техникаларының бөлігін, 25 пайызына дейін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру жүргізіледі. 

Себебі облыстағы ауыл шаруашылығы техникасының 70 процентке жуығы ескірген. Жыл сайын шамамен мың жарымға жуық жаңа трактор сатып алынады.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков