Қазақстанда су саласында білікті маман тапшы
Елімізде білікті гидрологтар мен гидротехниктер тапшы, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлі осыған ерекше мән беру керек. Белгілі су мамандары осылай дейді. Еліміздегі су тасқынының себебі айқын. Ал ендігі табиғи құбылыс зардабын азайту үшін жоспарлы жұмыс атқарылып, аймақтарда су шаруашылығымен айналысатын мамандардың жағдайын жақсарту қажет.
30 жыл бұрын елімізде Су министрлігі таратылып, ирригациялық жүйелер мен көптеген су қоймалары жекенің қолына өтіп, жай-күйі бақылаусыз қалды. Бұл шешімнің қате болғанын уақыт дәлелдеп отыр. «Бұл ретте Президенттің Тараздағы Қазақ гидромелиоративті-құрылыс институтын қалпына келтіру бастамасы нәтижелі боларына сенім артамыз», – дейді профессор Нариман Қыпшақбаев.
Маман даярлаумен қоса су ресурстарын дұрыс пайдаланатын шаруашылықтарды құру, тексерілген, тиімділігін көрсеткен технологияларды қолдану арқылы ғана тасқынға төтеп береміз, – дейді ғалым.
Нариман Қыпшақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, инженер-гидротехник:
- Ең бірінші кезекте айтып отырғаным, жаңағы су шаруашылығымен айналысатын облыстық деңгейде, кейбір суы тапшы аудандық деңгейдегі бұрынғы су мекемелерін қалпына келтіру керек, ана ақшаны қайыру керек. Мысалы, ақшаны, материальный ресурсты күшейту керек. Ауылға мамандар жіберу керек дейміз.
Су шаруашылығының ардагері Әмірхан Кеншімов елдегі тоғандар мен су қоймаларының тозығы жеткенін айтады. Бұрын әр ауылдың ұжымдық шаруашылығында гидрлог жұмыс істеді. Техникасы жеткілікті болды. Қазір жоқ, – дейді. Қарғын суды ұстап тұрудың бір әдісі ретінде елді мекеннен қашық жерде жасанды көлтабандарды көбейтудің маңыздылығын айтады.
Әмірхан Кеншімов, инженер-гидротехник:
- Лиман деген болатын. Қазір енді қалдықтары бар, соған жинап жатыр. Жалпы осы пайда болған қарғын суды пайда болған жерінде ұстап қалуға болады. Ол үшін сол лимандарды ұйымдастыру керек. Соны салу керек. Ол үшін тиісті мекемелер болу керек.
Мысалы. Өткен жылға дейін Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы ешкімнің қарауында болмаған. Сондықтан облыстық әкімдік «ОблВодхоз» мекемесін құрып, Қапшағайды өз иелігіне алды. Енді оның санитарлық тазалығы, су деңгейін қадағалауға осы мекеме жауапты. Нариман Қыпшақбайұлы: «Есіл өзенінде тасқын суды ұстап тұратын Есіл су қоймасын салу керек», – дейді.
Нариман Қыпшақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, инженер-гидротехник:
- Мысалы, 1918 жылдан кеңес үкіметі құлағанға дейін үкімет осы шаруашылықтарды, каналдарды тазалау, «сооружениені» жөндеу, су қоймасын ашып-жауып, майлап, барлығын жақсы ұстап тұру үшін бюджеттен ақша беріп отырды. Оны республика деңгейінде ойлау керек. Жобалау, есептеу, ғылыми-зерттеу, құрылыс жұмысын жүргізу.
Қазақстан халқы Асамблеясының кезекті сессиясында Президент елдегі су тасқынына байланысты бірқатар маңызды мәлімде жасады. 11 аймақта 20 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 15 қойма жөнделмек. Ғалымдардың пікірінше, жаңа нысандарды салмас бұрын күрделі зерттеу жұмысы жүргізілуі тиіс.
Әмірхан Кеншімов, инженер-гидротехник:
- Қай жерге салу керектігін іздеу керек. Ол өзеннің кез келген жеріне салсаң, ол ертең бәрібір шайып кетеді. Сондықтан оның «створларын», бәрін тауып, зерттеп, сол жерден тұрғызу керек. Оның үстіне қандай пайдасы бар? Неге пайдасы бар. Ауыл шаруашылығына ма немесе балық өсіруге ме, электр энергия алуға ма? Солардың барлығын зерделеу керек. Сөйтіп қана барып дұрыстап шешім қабылдау керек.
Кадр мәселесі де өзекті болып тұр. Мысалы, былтыр «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана түсіп, мемлекеттік білім гранттарының 70%-і игерілмей қалған. Ғалымдар: «алдағы 5 жыл ішінде экономиканың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жыл сайын 800 су маманын дайындалу керек», – дейді.
Авторлары: А. Садуақас, Э.Кон.