Жетісу облысында су шаруашылығы мамандары дайындалады
Биылдан бастап Жетісу облысында су шаруашылығының орта буын мамандары оқытылады.
Сол арқылы салаға жастарды тарту жоспарланып отыр. Қазір өңірдегі 50-ден аса су қоймасы мен тоспаларда негізінен егде жастағы мамандар жұмыс істейді.
Рахымжан Разбаевтың су шаруашылығында еңбек еткеніне 45 жыл болды. «Қызылағаш» су қоймасының бастығы Санкт Петербургтегі инженерлік құрылыс институтын бітірген. Алпыстың асқарына шыққан ардагер «салаға жастарды тарту үшін бірқатар мәселені шешу керек»,- деп есептейді.
Рахымжан Разбаев, сала ардагері:
- Біріншіден, оқу орындарын ашу керек. Екіншіден мекемелерге возможность беру керек. Жалақыларын көтеріп, жастар келетіндей ғып. Үлкен кісіден тәрбиесін алғызу керек. Бұрын солай болған ғой. Өзіміз де бірінші тәжірбиені сол кісілерден үйрендік.
Кадр тапшылығын жою үшін облыстағы Көксу политехникалық колледжінде гидромелиоратор мамандығын оқытатын екі топ ашылғалы жатыр. Ол үшін білім басқармасынан қаражат бөлінді. Мекеме тиісті оқу құралдарымен жабдықталды.
Базархан Дүйсенбеков, Көксу политехникалық колледжі директорының міндетін атқарушы:
- Білім бағдарламасын реестрге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан кейін біз лицензия алып осы оқу жылына осы мамандықты тоғызыншы сынып негізінде ашқалы отырмыз.
Қабылданатын студенттер дуальді білім беру жүйесімен оқытылады. Оларды «Қазсушар» мекемесінің мамандары тәжірибеден өткізеді.
Саят Құдайбергенов, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры:
- Біз келелтін мамандарға практикалық жұмыс өткізуге келісім жасадық. Меморандумға қол қойдық. Маман жетіспеген жағдайда менің осы жерде жұмыс істеп жүрген мамандарым жарты ставка алып аптасына сабақ беруге дайын. Біздің осы жердегі мамандарымыз дайындайды.
Оқу орны биыл 50 шақты студент қабылдауды жоспарлап отыр. Олар екі жылдан соң су шаруашылығы мамандарының қатарына қосылады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов