Әулие атадағы әскери әулет

Таразда жалпы еңбек өтілі ғасырдан асатын әскерилер әулеті тұрады.

Өмірлері армиямен біте қайнасқан шаңырақтың төртінші толқыны ел қорғауда еселі еңбек сіңіріп жүр. Солардың бірі – Дмитрий Қалижанов.

Дмитрий Қалижанов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицері. Әскери құрылымда 10 жылдан бері қызмет атқарады. Айтуынша жастайынан қорғаныс саласын таңдауды армандаған. Бұған оның әскерилер отбасында дүниеге келуі себеп. Әкесі 25 жылын әскери салаға арнаса, анасы осы ведомствода радиотелеграфтық байланыс операторы болып зейнетке шықты.

Дмитрий Қалижанов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицері:

- Мен әскерилер отбасында туғандықтан әкемнің жолымен жүретінімді сездім. Әрі Қорғаныс күштерінің жабық қалашығында өстім. Әкемнің жұмысына жиі баратынмын. Сол ортада жүріп, осы мамандықты бірден таңдадым. Өз Отанымның қорғаны болғанымды мақтан тұтам.

Дмитрийдің арғы атасы Екінші дүниежүзілік соғыста болған. Ал өз атасы Қалижан 1991 жылға дейін осы қорғаныс күштерінде қызмет етті. Әкесі мен бауырлары, немере ағалары да қазақ армиясының құрамында болды. Жалпы Қалижановтар әулетінен 8 адам қорғаныс саласына еңбек сіңірді.

Алексей Қалижанов, запастағы полковник:

- Дима – менің тұңғышым. Аталарының жолын қуғанына шын қуанамыз. Әр марапат, әр шен алған сайын марқайып қаламыз. Тіпті әскери форма киіп жүргенінің өзі мақтаныш сезімін ұялатады. Ұлым әлі талай белесті бағындырып, мықты қолбасшы боларына сенемін әрі қолдап отырамын.

Дмитрий әке жолын таңдағанымен оның абыройын пайдаланған жоқ. Институт бітіргенде шалғайдағы десанттық-шабуылдаушылар қатарына аттанды. Жақында әкесі еңбек еткен әскери бөлімге ауысып келді.

Сергей Бондаренко, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының аға офицері:

- «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына жұмыс бабымен ауысып келгенде Қалижанов деген тегті жиі естідім. Алғашында біздің бөлімдегі Дмитрий жайында деп ойлайтынмын. Бірақ кейін әкесі туралы екенін естіп білдім. Ол кісі білікті басшы, мықты ұйымдастырушы болды. Қазір ұлы да тапсырма жүктесең, үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Дмитрийдің капитан шенін алғанына көп болған жоқ. Қорғаныс саласында жемісті еңбек етіп, ата жолын абыроймен жалғастыруға ниетті. Болашақта өз баласының да ел қорғаны атанғанын қалайды.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә, 24.KZ, Тараз