Семейде 300-ден астам жеделсатының тозығы жеткен

3 күн бұрын Семейде көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатысы құлап, 6 адам ауруханаға түскен еді. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты, – дейді мамандар. Ал лифтінің не себепті құлағаны тексеріліп жатыр.

Гаухар Қозыбаева сол күні дүкенге бару үшін жеделсатыға кіреді. Кенет лифт қатты жылдамдықпен төменге қарай құлдилай жөнелген. Сол кезде ішінде 6 адам болыпты.

Гаухар Қозыбаева, қала тұрғыны:

- 2 қабат жүрдік. Бітті, сосын астыға қарай кеттік. Үзіліп кетті ме, әйтеуір жарқ-жұрқ етіп жарықтың бәрі. 1-ге келіп тоқтағанда, кенет стоп болғанда қатты секірген сияқты болдық. Болды. Ары қарай шу басталды. Аяғым бәрі ауырады, арқам ауырады, сыздайды. Жолдасым да солай. Бір үйден екеуіміз.

42 жастағы әйелдің екі аяғы сынған. Қазір дәрігерлер тексеріп, қажетті ем-дом жасап жатыр. 6 адамның үшеуіне амбулаториялық ем тағайындалды. Барлығының жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ, – дейді маманда.

Дарын Бақтыбаев, политравма және ортохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Барлық қажетті жедел көмектері көрсетілді. Зерттеулері өткізіліп, науқастар политравма бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда олар қажетті емді толығынан алып жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Семейліктер жеделсаты қызметін пайдалануға жүрексініп қалғандай. Себебі лифтердің дені 80-ші, 90-шы жылдары пайдалануға беріліп, содан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Мамандардың есептеуінше, біреуін ауыстыруға 20 млн теңге кетеді. Әрине, қомақты қаржы. Демек тез арада жаңартылады деуге сену қиын.

Семейде 810 жеделсаты бар. 300-ден астамының қызмет көрсету мерзімі аяқталған. Яғни, ауыстыратын уақыт келді. Жалпы лифтіні күтіп-ұстау тұрғындардың өзіне жүктеледі.  

Серік Байділдәнов, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Бұл жеделсатылар жалпы мүлікке жатады. Оларды ауыстыру жағын, барлығын тұрғындар өздері қаражаттарымен жасау керек. Болмаса қайтарымды несие беріледі. Соған қатысулары керек. Тұрғындар өздері қарау керек. Қарау үшін басқару органдарын құру керек. Біз осылай деп әрдайым ескертіп айтып отырамыз.

Мамандар біз ескерттік, – деп отыр. Айтуларынша, жеделсатыны жаңартуға арналған бағдарлама бар. Бір қызығы, ол бойынша әлі бірде-бір лифт ауыстырылмаған. Жалпы Семей қаласы бойынша жеделсатылардың жағдайына жауапты 4 ұйым бар.

Сергей Калинин, «СЕМЕЙ ЛИФТ» ЖШС директоры:

- Қазір тұрғындар жеделсатыларға дұрыс көңіл бөлмейді. Лифт деген – қауіптілігі жоғары механизм. Оны күтіп-ұстау үшін күнделікті шығындану қажет. Қызмет көрсететін компания өзіне ақша жинайды деп жазып жатыр. Бұл, әрине, олай емес. Қазір қажетті жабдықтар өте қымбат. Ескі лифтілерге мүлде таба алмайсың.

Мамандардың айтуынша, бір лифтіні ауыстыруға шамамен 15-20 млн теңге керек. Қомақты қаржыны жинау тұрғындардың қалтасына салмақ.   Сондықтан қарапайым халыққа қолайлы бағдарлама әзірленсе екен, – дейді олар.    

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.