Полицей әйел қызмет пен отбасылық өмірді ұштастырып жүр

Қоғамның қауіпсіздігін сақтап, тәулік бойы кезекшілікте жүретін тәртіп сақшыларының арасында нәзік жандылар аз емес.

Олар жанұясын мейірімділік пен жылулыққа бөлеп, қызмет пен отбасылық өмірді ұштастырып жүр. Сондай көп балалы ананың бірі Астана қаласы полиция департаментінің аға инспекторы Жанна Садымова. 

Жанна Садымова жастайынан полиция қызметкері болуды армандап, бүгінде ауыртпалығы мол, жауапкершілігі зор қызметті абыроймен атқарып келеді. Жолдасын да осы қызметте жүріп кездестіріп, бүгінде ынтамағы жарасқан, ырыс ұйыған отбасы болып отыр. Ананың қоғамда да, отбасында да орны қашанда бөлек дейді ол.

Жанна Садымова, Астана қаласы полиция департаментінің аға инспекторы:

- Осы полиция қызметінде 25 жылдай жұмыс істеймін. Өзім барлық сатыларда жұмыс істедім. Әсіресе, собрда да болдық. Күйеуім екеуіміз... ол да полицейский водитель. Төрт баламыз бар, офицер анамын. Ана болу ол бақыт.

Отағасы Николай да полиция қызметкері. Қазазылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда туған ол ұл-қыздарын қазақша оқытып, ұрпағына өнегелі тәлім-тәрбие беруде.

Илана Жгун, мектеп оқушысы:

- Менің әкем белорус, анам қазақ. Екеуі де полицияда жұмыс істейді. Бізге қазақша сөйлеуді үйретеді, ақылды болуды үйретеді. Біз қазақ мектебінде оқимыз, тату-тәтті отбасымыз.

Аналар күнінде немерелері әжелеріне де құрмет пен қамқорлық көрсетті. Бұл күннің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор дейді Ғалия Садымова.

Ғалия Садымова, зейнеткер:

-Біздің семьяда көп ұлттардың келіндеріміз бар, күйеу балаларымыз бар. Сол анамыздың арқасында бәріміз тату тәтті жүріп жатырмыз. Ананың рөлі өте биік деп ойлаймын. Осы мейрам өзіміз үшін, халқымыз үшін, өсіп келе жатқан балапандарымыз үшін өте маңызы зор.

Жанна Садымова ішкі істер органдарының бетке ұстар қызметкері ғана емес, аяулы жар, қамқор ана, ибалы келін. Қиыны мен қызығы қатар жүретін қызметте ол әріптестеріне адами және кәсіби тұрғыда да үлгі бола бермек.

Қуандық Танабас, Артур Горшняков