Жаңа Су кодексі ескі су қоймаларын құтқара ма?

Елдегі су нысандары 60 пайызға тозған. Оның көпшілігі 50 жылдан бері жөндеу көрмеген.

Биылғы алапат тасқын кезінде бұл нысандардың кейбірі сыр беріп, елді мекендерге қауіп төнді. Депутаттар нысандардың тозуына меншік иелерінің салғырт қарауы себеп дейді. Жаңа кодексте осы мәселе қаралған, яғни жауапты тұлғаларға жауапкершілік артып, сұрау көбейеді.

Су тасқыны елдегі су қоймаларының осал тұсын көрсетті. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сүйенсек, нысандардың 60 пайызы тозып тұр. Олардың көпшілігі жарты ғасырға жуық уақыт жөндеусіз жұмыс істеп келеді. 

Нұрлыхан Бимурзаев, ҚР СРИМ су саясаты департаментінің бас сарапшысы:

- Елімізде су объектілері жылда біздің бассейндік су инспекциясы тарапынан визуалды тексеріс қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Соңғы тексеріс жұмыстары нәтижесінде қателеспесем, 537 су объектісі авариялық жағдайда екені анықталды. Оның ішінде көпшілігі – коммуналдық меншік иесі.

Әкімдіктер баланстағы нысанды бабында ұстауға қаржы жетіспейтінін айтып ақталады.

Ал Мәжіліс депутаттарының айтуынша, кейбір жеке меншік иелері қарауындағы мүлікке салғырт қарайды. Тараптардың жауапкершілігі заңмен тиісті деңгейде реттелмеген. Қолданыстағы Су кодексі 20 жыл бұрын қабылданды. Яғни, құжат уақыт талабына сай келмей отыр.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Осы су тоғандарының сенімгерлік басқаруға, жекеге беру құқығы бар да, ал оны әрі қарай келісімшарттың негізінде басқару, міндеттері нақтылап, айқындалмаған. Мысалы, белгілі бір меншікке болсын, сенімгерлік басқару болсын, мемлекеттің өзінде болсын, оны алғаннан кейін күтіп ұстау мәселелері бар, экологиялық талаптарға сай тазалап отыру керек, маңайын абаттандыру керек деген сияқты. Осы жұмыстардың нақты атқарылатын тетіктері айқындалмаған. Сондықтан біз бұл жөнінде қазір қаралып жатқан Су кодексіне біраз ұсыныстар бердік.

Жауапты министрлік Су кодексінің жаңа жобасын әзірледі. Жаңа кодексте меншік иелерінің жауапкершілігін күшейту көзделеді. Мәселен, мүлік иесі бөген құрылысына ғана емес, су айдынының жағдайына да жауапты болады.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Әзірленіп жатқан Су кодексіне келетін болсақ, ол жерде әр меншік иелеріне жауапкершілік күшейтіліп жатыр. Оларға әр бес жыл сайын көпфакторлы зерттеу жүргізу қажет болады. Сол зерттеу нәтижесі бойынша анықталған ақауларды түзету міндеттеледі.

Қазір кейбір облыстарда су нысандарының құжаттарын түгелдеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан-қала әкімдіктерінің балансындағы гидроқұрылымдар облыстағы суға жауапты басқармалар қарауына берілмек. Осылайша, жергілікті билік тозған тоғандарды жүгін түзеуді көздеп отыр.

Нұрқанат Қанапия, Ержан Қанапияұлы, Асхат Қарақойшиев, 24.KZ