Құлсарыда 200-ден астам үйдің залалы бағаланды
Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен 200-ден астам үйдің залалы бағаланып, нәтижесі шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір халыққа техникалық сараптама қорытындысын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағалау нәтижесімен танысқан соң екі күн өтісімен азаматтар мемлекеттен көмек алу үшін Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады. Тағы Құлсары қаласындағы №20 мектеп базасында үйлері апатты деп танылған тұрғындармен меморандум жасауға өтініштер қабылданып жатыр. Құжат аясында құлсарылықтар өзіне ыңғайлы таңдау жасай алады. Мәселен, үйді авариялық деп тану кезінде зардап шеккендердің арнайы нысаналы шоттарына ақша аударылады немесе жергілікті атқарушы органның жобалық үлгісі бойынша 3 ай ішінде пайдалануға беру міндеттемесімен үй салынады.