Арқалықта баспанасыз қалған отбасыларға 65 пәтер сатып алынды

Арқалық қаласының аумағындағы су басқан ауылдарда 87 үй тұруға жарамсыз деп танылды.

Баспанасыз қалған отбасыларға Арқалықтан 65 пәтер сатып алынды. Одан бөлек елу пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы басталды.

Техникалық сараптама қорытындысында Екідін ауылында 38 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Соның бірі Мөлдір Тілеуқабылованың баспанасы. Алты баланың анасы үйсіз-күйсіз қалғанда қатты қапаланған. «Көптің көмек-қолдауы есімізді тез жиғызды», -дейді. Жақында Үкімет қоры есебінен алынған жаңа үйден үш бөлмелі пәтердің кілті қолына тиіпті.   

Мөлдір Тілеуқабылова, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Арқалық қаласынан балаларымның болашағы үшін жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алдым. Балаларым бірінші мектепте оқиды. Қай жағынан болса да, барлық көмектерді алып жатырмыз. Азғантай малымыз суға кетіп еді.Оның өзінде ақшалай, қаржылай берді.

Баспаналары жарамсыз деп танылған 87 отбасының қазіргі кезде 65-і Арқалықтан пәтер алды. Он жеті отбасына жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйден берілмек. Мұның сыртында қыстақтарда жаңа жеке үйлер тұрғызылады.

Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

- Бес қыстақта құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Ол бес қыстақтың мердігері анықталды. Қазіргі таңда салынатын орындары белгіленді. Жақын арада құрылыс жұмыстарын бастайтын болады. Қосымша су тасқынынан зардап шеккен малдар бойынша төлемдер төленіп жатыр. Бүгінгі текті келген бағалау құны бойынша барлығы төленді.

Арқалықта дүние-мүлік шығыны да өтеліп жатыр. Осы күнге дейін 42 отбасының зақымданған тұрмыстық техникалары мен жиһаздары үшін тиісті төлем жасалған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров