Жетісу облысында мұздықтардың еруінен өзендерде су деңгейі көтерілді
Жетісу облысында нөсер жауын мен күннің күрт жылынуынан таулы аумақтағы мұздықтар ери бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Салдарынан өзендерде су деңгейі көтерілді. Мамандардың мәліметінше, қазір Қараталдан секундына 174, ал Көксудан секундына 332 текше метр су ағып жатыр. «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері аймақтағы 60 шақты тоспа мен гидробекетті тәулік бойы бақылауға алған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Ағын сулар қауіпті деңгейге жеткен жоқ. Орташа көлемде қалып отыр», – дейді. Дегенмен күн райының жаңбырлы болуына байланысты тұрғындарға таулы аймаққа шықпау керектігін ескертеді.
Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Су деңгейінің көтерілуіне байланысты департамент және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өзен бойында комиссиялық тексеру жүріп жатыр. Әзірге су тасқыны қаупі жоқ.