Атырау облысында 4 мың гектар егіс алқабы су астында қалды
Атырау облысында көктемгі егіске дайындалған 5 мың гектарға жуық алқаптың 4 мың гектары су астында қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Мамыр айының 10-ынан бастап Махамбет ауданында тасқын су 55 шаруашылықтың жерін шайып кетті. Ерте қамданған қожалықтар 85 гектар алқапқа ерте пісетін көкөніс түрлерін егіп, осы айдың аяғында өнім жинауды жоспарлап отырған еді. Енді шаруаның еңбегі зая кетіп, тұтынушылар арзан да, сапалы жергілікті өнімнен қағылатын түрі бар.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Тасқын судың көлемі әуеден анық байқалады. Өзен арнасының көтерілгені соншалықты, жайылған су ондаған шақырымды алып жатыр. Өзен аңғары қожалықтардың негізгі егіс алқаптары болатын. Біз аралап көрген шаруашылықтың сәуір айының басында еккен 13 гектар алқабын тасқын су шайып кетіпті. Осыдан 15 күн бұрын бұл алқап жайқалған егістік болатын-ды. Көкөністердің ерте пісетін түрін еккен шаруа мамыр айының аяғында алғашқы өнімін жинаймын деп үміттеніп жүрген. Өкінішке орай, бәрі судың астында қалды.
Қоныс ерманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- 7 гектар жерге еккенбіз. Мысалы, қызанақтар гүлдеп тұрған. Амандық болса, олар маусым айының ортасына қарай пісетін еді. Ал,қырыққабат мамыр айының аяғында пісуі тиіс еді. Солардың барлығы су астында қалды, 16-сы күні.
Бұл жағдай Жайық өзенін бойлай орналасқан 55 қожалыққа ортақ болып отыр. Шаруалар дән себуге дайындап қойған 4 мың гектар алқаптан айырылды. Мамандар тасқын қарқыны бәсеңдемесе, әлі де 500 гектар егістікті су басып кетуі мүмкін екенін айтады. Жыл бойғы азық етер нәпақасынан айырылғандар мемлекеттен қолдау күтеді. Қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы зардап шеккен шаруалардың өтінішін қабылдап, құжат дайындауға кірісті.
Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Мемлекет тарапынан 17 мамырда ауылшаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты залал келтірген шығындарды өтеу мақсатында ереже бекітілді. Қазіргі таңда зардап шеккен қожалықтардың өтініштері қағидаға сәйкес қабылданып жатыр. Әрі қарай тиісті құжаттар топтамасы тексеріліп, комиссияда қаралып, зардап шеккен қожалықтарға шығын өтелетін болады.
Биыл Атырау облысы бойынша 10800 гектар егіс алқабы игерілуі тиіс болатын. Оның жартысына жуығы су астында қалды. Салдарынан шаруалар табыстан, тұтынушыалар арзан да сапалы өнімнен қағылғалы отыр. Ол азық-түлік түрлерінің 65%-ін сырттан тасымалдайтын өңір үшін оңайға түспесі анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин