Қостанай облысында апаттан зардап шеккендерге біржолғы төлем беріліп жатыр
Қостанай облысында табиғи апаттан зардап шеккендерден біржолғы әлеуметтік төлем алуға төрт жарым мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінде соның 4192-сі қанағаттандырылды. Оларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, нақты айтсақ, 369200 теңгеден материалдық көмек берілді. Өтініш қабылдау әлі жалғасып жатыр. Соңғы аптада әлеуметтік төлем сұрап келушілердің қатары сиреген. Комиссия тексерісі барысында кейбіреулердің дүние-мүліктері зақымданғаны дәлелденбеді. Соған байланысты 300-ден астам өтініш бойынша материалдық көмек төленбейтін болды.
Максим Устинов, Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш бергендердің кейбірінің үйіне су кірмеген. Мүліктері бүлінбеген. «Саяжайды су шайып, бұзып кетті» деп жалған ақпарат бергендер де болды. Барып қарағанда ол жерде ешқандай үй, құрылыс нысаны болмағандығы анықталды. Ал шынымен шығын шеккені дәлелденсе, өтініш бойынша уақытылы төлем беріледі.