Ғалымдар: Төрегелді Шарманов отандық медицинаны жаңа белеске шығарды
Бүгін Қазақ тағамтану академиясының президенті, әлемдік денсаулық сақтау саласының абызы Төрегелді Шарманов дүние салды, деп хабарлайды 24KZ.
Қоғам қайраткері тірі болғанда осы күзде 94 жасын тойлайтын едік. Амал нешік?! Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді деп осындайда айтылса керек. Қазақ медицинасының мәуелі бәйтерегі атанған дара тұлға ел-жұрты үшін көп еңбек сіңірді. Әсіресе, қазақтың төл сусыны қымыз бен шұбаттың пайдасын ғылыми тұрғыда дәледеп, әлемге танытты.
Сымдай тұлға, сиқырдай сымбат. Төрегелді Шармановты көрген жан осындай ой түйері анық. Ғалым жеке басын ғана емес, жалпы қазақ қоғамын дұрыс тамақтануға шақырды. Әрі оны бірге үйренуге үндеді. Себебі ұлт денсаулығын ойлады. «Әлемдегі ең сұлу адам – денсаулығы мықты адам» деген сөзі осыны аңғартса керек. Ол отандық медицина саласын дамытып қана қоймай, ғылым дәрежесіне көтеруге тынымсыз еңбек сіңірді.
Төребай Рақыпбеков, медицина ғылымдарының докторы:
- Өз өмірін халыққа бағыттаған ғой. Маған айтушы еді, сен өзіңді өзің мақтама. Өзіңді өзің мадақтама. Халық үшін жұмыс істесең, жолың ашық болады деп. Соған қарап отырсаң железо дефицит деген бар. Темірдің жетіспеуі. Бұл әйелдерде өте күрделі ауру, ондай әйелдерден басы жұмыс істемейтін балалар туады. Соның бәріне қарап отырсақ, ағамыз елу жылда ел жаңа дейді қазақ, кім болып өмір сүреді деп, соны алдын алып, дәлелдеп, Үкіметтің шешімін қабылдатты.
Төрегелді Шарманов еліміздің денсаулық сақтау саласын 12 жыл басқарды. Осы аралықта алғашқы медициналық көмектің теңдесі жоқ жүйесін құрды. Ал 1974 жылдан бастап республикадағы жетекші ұйымның бірі – Қазақ тағамтану академиясының президенті атанды. Қайраткер қай қызметте жүрсе де, тыңнан түрен салып, түрлі жобаларды іске асырды. Қазақтың төл сусыны қымыздың қасиеті мен жылқы етінің пайдасын дүйім жұртқа танытқысы келді. Тіпті оның нұқсауымен арнайы өнімдер шығарылды.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Ауыл шаруашылығы саласының, соның ішінде қайта өңдеу мәселесін қолға алған, кезінде талай рецептерді шығарған. Әсіресе, біздің ұлттық тағамдарды насихаттаған. Ұлттық тағамдардың қасиетін әлемге паш еткен. Менің есімде, түйенің сүті, биетің сүтінің пайдалы екенін дәлелдеген. Сол кезде балаларға арналған тағамдар шыққан.
Шармановтың денсаулық сақтау саласына қосқан тағы бір сүбелі еңбегі – «Алматы» декларациясы. 1978 жылы жүздеген елдің мамандарын Алматыға шақырып, дәрігерлік көмек жүйесін жетілдірудің ортақ мәселелерін талқылады. Қазақ ғалымының ұсыныстарын халықаралық ұйым өкілдері де жоғары бағалады. Отандық медицинаны жаңа белеске шығарған Төрегелді Шармановтың адами келбеті де көпке үлгі.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері:
- Ардагер, ғалым. Ең бастысы, тамаша адам. Жасымызда аздап айырмашылық болғанымен, құрдастай қалыңжасып өскен аға-іні дейді ғой қазақ. Төкеңнен бір жамандық естіген емеспін. Адал. Сирек кездесетін адамдар ғой. Осындай адамдар ғой өмірді жақсартатын. Елді-халықты жақсартатын, халықтың маңызын дәрежесін көтеретін адамдар Төкең сияқты ардагерлер. Өкінішті әрине, жаны Жәнната болсын.
Ұлытауда дүниеге келген ұлт мақтанышы Төрегелді Шармановтың есімі әлемге де әйгілі. 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы академикке Леон Бернард сыйлығын табыстады. Бұл марапатты дүниежүзінде небәрі 29 адам алған. Гиппократ антын адал ұстанған жан тоқсан алты жасқа жетсем деп армандайтын. Алайда тағдыр дәптері 94 жасқа жетпей түгесілді. Әйтсе де, ғалымның бірегей еңбектері адамзат жасағанша жасай бермек.
Авторы: Назерке Тоқжан