Қазақстандықтар әлеуметтік желілердің балаларға әсеріне алаңдаулы

Елімізде жыл басынан бері 134 бала өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды 24kz.

Ал былтыр осындай 142 жағдай тіркелген. Мұндай жаға ұстатарлық статистикамен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бөлісті. Оның айтуынша, күніне 2 бала суицид жасауға әрекеттенеді екен. Оған не себеп?

Альмира Оразбай, тілші:

- Алматыда өткен аптада 2 оқушы қыз белгісіз жағдайда көпқабатты үйдің төбесінен құлап, мерт болды. Жағдайды тұрғындар байқап қалған. Жасөспірімдер тоғыз қабатты үйдің төбесіне шығып құлап кеткен. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Аталмыш дерек бойынша Алматы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себеп-салдары мен мән-жайы анықталуда.

Бұл соңғы 2 аптада болған жалғыз жағдай емес. Әлеуметтік желіде желдей ескен жаға ұстатарлық жаңалықтардың астына пікір қалдырғандар көп. Бірі баланың мектептегі буллингке ұшыраған жағдайы себеп десе, енді бірі күдік тудыратын онлайн ойындар мен қосымшалардың кесірі деп жарыса жазды. Біздің халықтан сұраған ойлары да соңғысына тиесілі.

Блиц 1:

- Балалар еліктеп кетеді. Сондай ойындар бар, еліктеп кетеді, содан қорқамыз. Психологияға өте кедергі, керек емес сияқты. Үйдегі жағдайды қарап отырамыз ғой, телефонды лишний раз бермеуге тырысамыз.

Блиц 2:

- Өзімнің балам болған соң маған ол кішкене зиян келтіріп жатыр. Балам оқымайды, дұрыс ойын ойнамайды. Сол соткада отырады. Зиян деп ойлаймын. Ол балалардың психикасына зиян келтіреді.

Блиц 3:

- Психикасы қатаймаған бала барлық ақпаратты ала бергеннен кейін, губка сияқты өзіне қабылдай береді. Біз үлкен адамдар сараптап, дұрыс/дұрыс емес нәрсені бөле аламыз. Ал балалар өйте алмайды.

Жалпы «бала суициді» фактілеріне қатысты Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, оқиғаның себеп-салдарын анықтауға кіріседі. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, барлық жағдайдың 35%-інде оның себебі анықталмаған. Ал қалғанында оқушы өзін жағыз сезінуі, оның ата-ана және туған-туыстарымен қарым-қатынасы, сондай-ақ мектептегі буллинг жағдайлары дәйек болған.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл басынан бері суицидті насихаттайтын материалдарды таратудың 22 фактісін анықтап, 19-ын жойды. Сондай-ақ зорлық-зомбылық туралы хабар тарататын 157 интернет-ресурсын анықтап, 56-сын бұғаттады. Қазір біз түрлі интернет-ресурс арқылы балаларға кесірі тиетін және белгілі бір атаулары бар қауіпті топтарды жою үшін платформалардың басшыларымен байланысқа шығып, солармен жұмыс істеуге кірістік.

Балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан сақтау үшін қазір барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, биыл буллингке қарсы күресетін «Кива» бағдарламасы 100-ден астам оқу ордасында пилоттық режимде іске қосылды.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Баланың қиын жағдайға тап болған сәтінде психологтардың маңызын түсінуіміз керек. Қазір 1500 балаға 1 психологтан келсе, енді Оқу-ағарту министрлігі келер жылғы кешенді жоспарға сәйкес, 500 балаға 1 маманнан бекіту мәселесін қарастырып жатыр.

Бұл – құптарлық бастама. Себебі қазіргі заманда баланың психологиясын түсіну оңайға соқпайды. Себебі оның көңіл-күйі мен басқа да әрекеттеріне түрлі фактор әсер етуі мүмкін. «Бұл тұста бала қолдауды сырттан іздемей, ата-анасымен сенімге негізделген қарым-қатынас құруы қажет», - дейді мамандар.

Жадыра Каладинова, психолог:

- Өтпелі кезең бұрын 14-15 жас болатын. Қазір ол жас 9 жасқа дейін жасарып бара жатыр. Себебі қазір дамыған заман. Өтпелі кезеңде не нәрсеге мән беру керек? Бастысы бала мен ата-ананың бір-бірінің ортасындағы диалог құруы. 10 жастан бастап тек өтпелі кезең емес, гормоналдық, физикалық, психологиялық өзгерістер болады. Сол кезде бала бастапқы кезінен үлкен өмірге қадам жасаған кезде ата-ана оны сүйемелдеу керек.

Бүгінде ересектерден бөлек, балалардың құқығын қорғауға бағытталған мәслелер бойынша 111 байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Биыл оған психоэмоционалды жағдай бойынша 1237 өтініш пен 75 мың қоңырау түскен.

Авторлары: Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев