Өскеменде қар тазалау техникасы тексерілді

Биыл Шығыс Қазақстан облысында автокөлік жолын қардан тазалау жұмыстарына 500-ден астам техника жұмылдыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар көктайғаққа қарсы 100 тоннадай арнайы қоспа әзірленген. Қалың қар жауған кезде өңірде қандай шаралар қолға алынады?

Риддердегі таулы аймақта қыс ерте түседі. Осыған байланысты полиция қауіпті жол бөліктерін бақылауға алды. Төтенше жағдайлар қызметі де кез-келген сәтте көмекке жетуге сақадай сай тұр. Қар көшкіні болуы мүмкін 256 шақырым күре жол бөлігі анықталып, кезекшілік ұйымдастырылды, дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Андрей Ларионов.

Андрей Ларионов, ШҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Біз автожолдарды бақылап отырамыз. Қазір ауа-райы күрт өзгеруде. Жүргізушілер оқыс жағдайларға тап болмауы үшін мүмкін алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз.

Құтқарушылардың техникалары түгел тексерілді. Бөлімшелердің кезекшілік кестесі де құрылған. Жолда адамдар қалған жағдайда, жолаушылар тасымалдауға арналған 30 көлік көмекке дайын тұр.

Қуатбек Кенжебекұлы, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Ұзындығы 256 шақырым болатын 130 учаске бақылауға алынады. Зардап шеккендерге көмек көрсететін 10 жылыту пункті бар.  Тәулік бойы 1 медициналық пункт жұмыс істейді.

Ал Өскемен қаласын қардан тазалау үшін қосымша 50-ге жуық техника қажет. Бұл жұмыстарға мердігер мекемелер жұмылдырылады,-дейді мамандар.

Ардақ Әбділдинов, «Таза Өскемен» кәсіпорны басшысының орынбасары:

- Біздің мекеменің 97 техникасы дайын. Сонымен қатар 5 мердігер мекемеден 48 техника жұмылдырылады. Барлығы 145 техника қыста тәулік бойы жұмыс істейді.

Мамандардың айтуынша, биыл таулы аймақтардағы жолдардың қарын күреу әдісі де өзгермек. Автотрассалар бұрынғыдай қар жауғаннан кейін емес, жауын-шашын басталған сәттен тазартылады.

Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин