Абай облысында 16 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр
Абай облысында медицина және педагогика саласының мамандары тапшы, деп хабарлайды 24kz.
Өңірде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар жетерлік. Қазірдің өзінде 16 мыңнан астам тұрғын жұмыссыз жүр. Облыс халқын еңбекпен қамту үшін түрлі бағдарламалар да іске асып жатыр. Жыл басынан бері өңірде 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Дегенмен, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Жамал Сайлауғалиева былтыр қаладағы оқу орындарының бірін мейірбике мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ өз бетінше жұмысқа орналаса алмағанын айтады. Сосын мансап орталығына жүгінген.
Жамал Сайлауғалиева, Семей қаласының тұрғыны:
- Енді ғана бітірген түлектер қай жерге жұмысқа орналасуға барса да, тәжірибе жоқ болғандықтан, көбісі ала бермейді. Ал осы бағдарлама арқылы бізге көптеген мүмкіндіктер мен жолдар ашылады. Бізге өте ыңғайлы, жастардың жұмысқа орналасуына үлесін қосады.
Биыл Абай облысында 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. 800-ге жуық жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша еңбек етуде. Солардың бірі – Дилназ Серікқұл.
Дилназ Серікқұл, Семей қаласының тұрғыны:
- Қазір оқу бітірген жастардың барлығы дерлік Еңбек мобильділігі орталығы арқылы жұмысқа тұрады. Өйткені мамандық бойынша жұмыс істеу қиын. Көп жерде орын жоқ дейді, болса да, тәжірибең болмаған соң жұмысқа қабылдамайды.
Жыл басынан бері 281 адам кәсіптік оқытуға жолданған. 219-ы оқуды аяқтады. 171 тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылса, 1 адам қайтарымсыз грант алып жеке кәсібін ашқан.
Еркебұлан Тұрсын, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Келесі жылға да 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бірінші және отыз бірінші қазан аралығында 2025 арналған субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыс берушілердің өтінімдерін қабылдадық. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесі әзірленді. Алдағы уақытта сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз.
Бүгінде Абай облысында 16 мыңнан астам тұрғын екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал, еңбекпен қамту бағдарламалары маман тапшылығы және жұмыссыздық мәселелерін түбегейлі шешуге сеп болмақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов