Қызылорда облысында 26 ауылда ауыз су мәселесі шешілмеген
Қызылорда облысында 7 мыңдай халық тұратын 26 ауылда ауыз су мәселесі шешілмеген.
Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылы елдің барлық елді мекені таза сумен қамтылуы тиіс. Жоспар мерзімінде орындала ма? Сыр еліндегі 26 елді мекен сапалы тіршілік нәрімен қашан қамтылады?
Шиелі ауданындағы Ақтам ауылында 11 отбасы бар. Олардың барлығы да мал шаруашылығымен айналысады. Тұрғындар ауыз суды жақын маңдағы ауылдан тасып ішіп отыр. Кейбірі есік алдынан құдық қазған. Бірақ оның суын тек төрт түлікке береді.
Таңатар Бегманов, Ақтам ауылының тұрғыны:
- Жақында ауыл әкімі тұщы су орнатылады, қазылады деп халықты елді қуантып кеткен жайы бар еді. Алдағы уақытта үміт күтеміз. Халықты сол тұщы сумен қамтамасыз етуін, сондай жағдай жасауын талап етіп жатыр ауыл тұрғындары.
«Шиелі ауданында барлығы 39 елді мекен бар. Оның 99,8 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Бүгінде ауызсу мәселесі шешілмеген тек екі елді мекен ғана қалды»,-дейді мамандар.
Ғабит Аманжолов, Шиелі аудандық ТКШ, Жолаушылар көлігі және АЖ бөлімінің басшысы:
- Олар халқының саны 50-ден төмен Ақтам және Ызалы деген екі елді мекен бар шағын. Соған жергілікті бюджеттен Ақтамға 22,5 млн теңге, Ызалы елді мекеніне 17,5 млн теңге сол жерде құдық болмаса, скважинге арнайы құрылғы болады су тұщытқыш. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылдың бағдарламасына сәйкес келесі жылдың көктемінде біз барлық ауыз су бойынша мәселе орындалып бітеді деп жоспарлап қойғанбыз.
Президент тапсырмасы бойынша келесі жылы барлық ауылдық елді мекен 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылуы керек. Бүгінде Қызылорда облысында 7 мыңдай халық тұратын 26 елді мекенде бұл мәселе әлі де өзекті.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалған 26 елді мекенге 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен қамту мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүруде. Жол картасы аясында 5 елді мекенді топтық су құбырына қосу, 4 елді мекеге су тұщытқыш орнату, 3 елді мекенге ішкі су жүйесінің құрылысы, 12 елді мекенді қазіргі жағдайда қалдыру және 2 ауылдан елді мекен мәртебесін алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл елді мекендерде жайылымдық болып тұрады. Тұрғылықты халық жоқ. Аудан әкімдігінен осындай шешім келіп отыр.
Қызылорда облысында елді мекендерді толық ауыз сумен қамту үшін 2025 жылы құны 20 миллиард теңгеден асатын 28 жобаны іске асыру жоспарланған.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев