Өскеменде 14,5 мың абонент жылусыз отыр
Өскеменде 14 мың 500-ге жуық абонент жылусыз отыр.
Мамандар облыстық драма театр аумағындағы құбыр желісінен ақау шыққаны жайлы кеше түсте хабарлаған еді. 4-5 сағат ішінде барлығы шешіледі деп сендірді. Бірақ бұл анау айтқандай оңай шаруа болмады. Мамандар құбыр жарылған жерді дөп басып таба алмай, әуре-сарсаңға түсті. Өйткені диаметрі 630 мм құбыр пластикалық қорғаныш қабатымен қапталғандықтан жарылған жерді анықтау қиынға соққан. Ақауды тауып оны қалпына келтіру жұмысы түнімен жалғасты. 20 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Ол жерге қала мен облыс басшылығы да барып, мәселені бақылады. Жылу бірнеше сағатта беріледі деген жауап айтылды. Бірақ нақты қашан екені беймәлім. Қазір сынап бағанасы минус 8 градусты көрсетіп тұр.