ШҚО-да 29 елді мекен интернетке қосылды

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 29 елді мекен интернет желісімен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ. Әйтсе де, өлкеде әлі де бұл игілікке қол жеткізе алмай отырғандар жетерлік. «Әсіресе адам саны 100-ден кем шалғайдағы ауыл-аймақты сандық технологиямен қамту біршама қиындық тудырады», – дейді мамандар. Дегенмен оның да жолы табыла бастаған. Қазір тау арасындағы кей ауылдарға антеналы діңгек құрылғы орнатылып жатса, енді біріне спутник қойылады.

Шығыс Қазақстанда жалпы 357 елді мекен болса, соның 155-не әлі интернет желісі жеткен жоқ. Салалық басқарма: «Бұл көрсеткішті азайту үшін кезең-кезеңмен жұмыс істеп келеміз», – дейді. Мәселен, Феклистов – басты тау арасындағы ауыл. Бес жыл бұрын осында көшіп келген Кәсіпгүл Қабылдың айтуынша, ғаламтордың жоқтығы әсіресе мұндағы оқушыларға батады. «Балалар қосымша тапсырмалар орындап, түрлі сайыстарға қатысу дегенді мүлдем ұмытты», – дейді ол. Ал қыста ақ түтек боранда қашықтықтан сабақ оқу тіпті мүмкін емес.

Кәсіпгүл Қабыл, ауыл тұрғыны:

- Интернет жақсы емес, дұрыс емес, балаларға да қиын сабақ қараған кезде, қиналып қаламыз, интернет болса деп бәріміз де күтіп жүрміз. Интернет болса, жақсы болар еді.

Феклистовтың тура іргесіндегі Северный ауылы да «байланыс аясынан тыс жерде». Дегенмен биыл мұндағы жұрттың арманы орындалатын сыңайлы. Дөң басына антеналы матчты діңгек орнатылды. Сандық технология тетігін күтіп жүрген Надежда Покидова бұл жерге мамандармен бірге келіп, ақылды құрылғыны өз көзімен көріп шықты.

Надежда Покидова, ауыл тұрғыны:

- Енді бізге сапалы интернет қосылады деп уәде беріп жатыр. Соған сеніп отырмыз. Өйткені осы заманда әлеуметтік желіге тіркелмей, оның мүмкіндіктерін пайдаланбай отыру дұрыс емес. Біз де, жастар да заман ағымынан қалыспауымыз керек.

Юрий Гаврилов, Алтай ауданы ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Мына антеналы матчты діңкекке электр желісін тартып, техникалық жағдайын реттеу ғана қалды. Яғни, жыл соңына дейін Феклистов пен көршілес Северный ауылы интернет желісіне қосылады. Жалпы осы Алтай ауданында респбуликалық күрежол бойына осындай 8 діңгекті антена қойылады. Бұл туристерге де сол маңдағы елді мекен тұрғындарына да қолайлы.

Сонымен биыл облыстағы 29 ауыл әупірімдеп цифрлық дәуірге ілікті. Дегенмен адам саны 100-ден аспайтын елді мекендер үшін мұндай мүмкіндікке жету қиын.

Индира Баймолдаева, ШҚО Ақпараттық технология орталығының бөлім басшысы:

- Ондай 36 ауыл бар. Ол жақта аз да болсын халық тұрады, сондықтан ұмытпаймыз. Биыл сондай алты елді мекенге спутник қолдануға тура келді. Яғни, ол жерден 50 шақырым қашықтыққа дейін интернет қолжетімді деген сөз. Бұл жоба Марқакөл, Күршім аудандарында іске асты.

Облыстағы барлық ауыл-аймақ 2027 жылға дейін интернетпен қамтылу тиіс. Бірақ мамандар: «Бұл межені мейлінше жақындатуға тырысамыз», – дейді. Мәселен қазір сапалы ғаламтор желісімен қамту үшін шалғайдағы 158 мектепке Starlink желісі қосылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.