Корей шаруалары неге Shine muscat өсіргісі келмейді?
Әлеуметтік желіде шу болған Shine muscat қайдан шыққан? Қандай өнім? Бұған басқа елдер қалай қарайды?
Шынында бұл қайдан шыққан өнім? Жүзім деген, былай қарағанда, біздің елде де өсіп тұр. Ал Shine muscat неге қымбат? Осыны білмекке бұл өнімді өндірушілердің бірі Оңтүстік Кореяға сұрау салдық.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда 7 жылдан бері тұрып жатқан Шынар Дәуленқызы Shine muscat жүзімін үнемі сатып алады. Жерлесіміз бұл жеміс интернетте танымал болғаннан кейін ол туралы бейнероликтер түсіре бастайды. Әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларды көрген оңтүстіккореялық фермерлер Шынарға оны Қазақстанға экспорттауға көмектесуді сұрайды. Бірақ шығындарды есептей келе, оның тиімсіз екенін байқайды. Өйткені жүзім тез бұзылатын өнім болғандықтан, тек әуе көлігімен тасымалдау керек.
Шынар Дәуленқызы, кәсіпкер:
- Бағасы жағынан жақсы шығып тұр, бірақ экспорт жағы өте қымбат, өйткені азық-түлік болғаннан кейін 3-4 күн болмайды, артқан күні бірден жету керек қой. Сол үшін өте қымбат, бір килограмы 10 доллар деп жатыр ғой. Shine muscat-тың өзінің бағасынан қымбатқа шығып отыр.
Фермерлердің айтуынша, Shine muscat Оңтүстік Кореяға Жапониядан әкелінген. Ал оны елде өсіру жеті жыл бұрын қолға алынған. Тіпті тұқымы ірі, сүйексіз жүзімге сұраныс жоғары болғаны соншалық, шаруалардың көбі алма ағаштарын кесіп, олардың орнына Shine muscat отырғызуға кіріседі. Бірақ қазір бұл жеміс Кореяда аса танымал емес. Фермер Ким Чон О биыл 20 тоннадан астам жүзім жинағанымен, бағаның күрт төмендеуінен пайда көрмеген.
Ким Чон О, шаруа:
- Кореяда бұл жүзімнің құны 6 жыл бұрын өте қымбат еді. Бірақ қазір Shine muscat-ты өсірумен айналысатын шаруалар көп. Сондықтан бағасы төмендеді. Оның үстіне шаруалар оны қымбат сату үшін жиі піспей жатып жинап алады. Мысалы, елдегі ең маңызды мереке – егін жинау мейрамына байланысты фермерлер жүзімді ерте жинауға асығады. Осыдан дәмі нашарлап, жүзімді жеп көрген адамдар оны қайта сатып алмайды.
Shine muscat Орталық Азия елдеріне негізінен Қытайдан экспортталады. Ал оны бұл елге 7 жыл бұрын оңтүстіккореялық шаруалар жіберген. Оңтүстік Корея кеден қызметінің мәліметінше, 2017 жылы Кореядан Қытайға жүзім экспорты 100 мың АҚШ долларына да жетпеген. Бірақ 2018 жылы оның көлемі 8 млн доллардан асады. Алайда былтыр тасымалданған өнім 1 млн 380 мың долларға дейін азайды. Оған Қытайда Shine muscat өсірілетін алқаптардың 2013 жылмен салыстырғанда 60 есе ұлғаюы себеп. Дегенмен корейлік жүзім Тайвань, Гонконг және Вьетнамға әлі де көптеп экспортталады.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда Shine muscat жүзімінің сорты елдің 6 өңірінде өсіріледі. Бағасы жемістің сапасы мен көлеміне байланысты. Кішкентай бір үзімнің бағасы шамамен 2 мың теңге тұрады. Ал сәл үлкендеулері 3500-ге дейін барып жығылады.
Shine muscat-тың төмен бағасы оңтүстіккореялық фермерлер үшін тиімсіз болғанымен жергілікті сатып алушыларға ыңғайлы. Бағасы қолжетімді өнім адамдардың да көп сатып алатын жемісіне айналған.
Ким Чон Сик, кәсіпкер:
- Бұл жүзімнің жапон сұрыпын елде жерсіндіру процесі шамамен 10 жыл бұрын басталған. Содан көптеген сынақтар мен сәтсіздіктерден кейін 6-7 жыл бұрын оны жаппай өндіруге қол жеткізеді. Қазір Кореяда өндірушілер арасында үлкен бәсекелестік бар. Жеміс неғұрлым ірі болса, соғұрлым қымбат болады.
Оңтүстік Корея нарығында ең танымал жеміс – алма. Екінші орында – Shine muscat. Ал келесі айда жылыжайларда өсірілетін құлпынай үлкен сұранысқа ие болады деген болжам бар. Бірақ ол әлеуметтік желілерде жаңа трендке айналған күннің өзінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасы қашық болғандықтан, бұл жемісті де экспорттау жергілікті шаруалар үшін тиімсіз болуы мүмкін.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян