Елордада күн сайын 6000 текше метр қар шығарылады

Астанада күніне 6 мың текше метр қар шығарылады, деп хабарлайды 24kz.

7 қарашадан бері жолшыларға тыным жоқ. Қар күреу жұмыстары бір сәтте тоқтаған емес.

Сөйтіп, осы уақытқа дейін қанша қар шығарылды?

Елордада толассыз жауған қардан қала көшелері 24 сағат бойы тазартылып жатыр. Астананың барлық 5 ауданындағы негізгі магистральдер мен маңызды орындар бірінші кезекте қар құрсауынан босатылады. Яғни, қаланың осы 40% бөлігіндегі тазалыққа жалғыз мекеме жауапты. Олар қар түскен күннен бастап 100 мың текше метр қар шығарды.

Ержан Пашанов, «Астана тазалық» өндірістік техника бөлімінің бастығы:

- Бірінші болып жол жұмысшылары жұмысқа кіріседі. Олар жол жиектерін, сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарын тазалайды. Сонымен қатар аялдамаларда қоқыстар жинап шығады.

Қанша қар түссе де, елорда халқы таңмен еш кедергісіз діттеген жеріне жетуі үшін бір ауысымға мекемеден 500-ден астам жол жұмысшылары, 400-ден астам арнайы техника жұмылдырылады.

Ержан Пашанов, «Астана тазалық» өндірістік техника бөлімінің бастығы:

- Соның ішінде айтатын болсақ, жол сыпыратын техника 120-дан астам, құм, тұз себетін техникалар 18-ден астам. Сонымен қатар самосвалдар қар шығаратын, арнайы тиегіштер бар 20 шақты. Солардың барлығы 24 сағат осы қала тазалығы үшін қызмет атқарады.

Алайда жұмыстың қауырт сәттерінде қар тазалайтын басты техника – қар тиейтін жүк көліктері жетпей қалып жатыр. Жұмысшылар да ары кетсе 10-15 минут қана дамылдай алады.

Азамат Топатаев, Байқоңыр ауданы бойынша аға шебер:

- Кешегі түннен бастап қар жаууда. Қардың арты жаңбырға ұласып, күні-түні техника қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда 2 маршрут Байқоңыр бойынша сыпырып жүр. Бізде сыпыру техникасы бірінші сыпырады. Соны қадағалаймыз. Содан жиналған қарды жинаймыз. Автогрейдерлар валға салады қарды жинап.

Жиналған қар қаладан 10-11 шақырымдық жердегі арнайы полигондарға шығарылады. Қала бойынша әр ауданға тиесілі осындай 5 орын бар.

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Елорда көшелерінде қар тазалау жұмыстары 10 қарашадан бері қарқынды жүріп жатыр. Бүгін де міне, қар жауып тұр. Әр ауданға арнайы техника бөлініп, көшелерді тазалап өтеді. Жұмысшылар күні-түні жұмылдырылған. Қазір қар жауып, жер-көктің бәрі еріп жатыр, дегенмен, таңертең көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан түнімен осы жерлерге арнайы қоспалар себіліп, мұзтайғақтың алдын алады.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Бағдат Қайыркен